Ғалым болғың келмесе, докторантураға түсу керек емес

528

12 сәуір – ғылым қызметкерлерінің күні. 

Ғалым болғың келмесе, докторантураға түсу керек емес Фото: Әлия Текенова

Бүгінде еліміз ғалымдарды дайындауға және қолдауға жан-жақты жағдай жасауға кіріскенімен, әлемдегі жетекші мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстан осы саланы дамытуға аз қаражат жұмсайды. Мәселен, Израиль ғылыми-зерттеу жұмыстарына жалпы ішкі өнімінің – 6%, Жапония – 3,4%-ын жұмсаса, біздің үкімет оның көлемін алдағы екі жылда ғана 1%-ға жеткізуді көздеп отыр. Осы көрсеткіш аса маңызды болғанымен, нақты нәтиже көрсетуде қаражаттан да басқа мәселе жеткілікті.

Осы орайда елдегі ғылыми ортаны дамыту үшін шетелде білім алып, жат жерде қызмет етсе де, отандық ғалымдармен бірлесіп жұмыс істейтін профессордың пікірі маңызды. Себебі қазір еліміздің көптеген зерттеушілері "Болашақ" бағдарламасының аясында тағылымдамадан өтіп, білім жетілдіру үшін осындай ғалымдармен байланыс орнатып, шекара асады. Сондықтан да қалыптасқан жағдайға байланысты Эдинбург қаласындағы Heriot-Watt University Бизнес мектебінің профессоры, Стратегиялар бойынша магистрлік бағдарламалардың директоры Асылбек Нұрғабдешовпен сұхбаттасуды жөн көрдік.

Асылбек Нұрғабдешов  Менеджмент ғылымы бойынша докторлық диссертациясын Британиядағы Шеффилд Университеттінде қорғаған, Түркияның ЖОО-да бакалавр, магистр дәрежесін алған ғалым. Almaty Management University, Сулейман Демирель Университеті, Нархоз университетінде дәріс оқып, басшылық қызмет атқарған. Халықаралық бизнес академиясының мүшесі, сонымен қатар Стратегиялық бастамалар орталығының кеңесшісі қызметін атқарған.

БРИТАН УНИВЕРСИТЕТТЕРІ ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛДІ

Қазір күллі әлем бойынша білім беру, ғылыммен айналысатын орталықтар дағдарыс үстінде. Тығырықтан шығудың сан түрлі жолы болғанмен, жетекші орынға ие Британиядағы ЖОО-да да әлі мәселе шешілетін емес. Оған не кедергі?

– Бүгінде Британиядағы жетекші университеттер бюджет тапшылығынан зардап шегіп отыр. Сол үшін оларға шетелден көбірек студент тартқан тиімді. Мәселен, Кардифф университетінде 40 млн, Дандиде 35 млн фунт дефицит болды. Өткен айда Эдинбург университеті бізде ондай мәселе жоқ деп хабар таратты. Бірақ алдағы 18 айдың ішінде 140 млн фунт үнемдеу үшін біраз қызметкерлерін қысқартуға кіріседі. Олардың жылдық кірісі - 1 млрд 400 млн фунт. Ешқашан тапшылық болған емес, үнемі профицит. Себебі ол – Британияның Оксфорд пен Кембриджден кейінгі ең бай үшінші университеті. Салыстыру үшін айтатын болсақ, ҚБТУ-дың жылдық кірісі шамамен – 6 млрд тг.= 10 млн фунт (2022 жыл). Мында млрд-тан асып жығылады, 140 есе көп.

Мәселе тек бюджет тапшылығымен шектелмейтін болар...

– Әрине, бұл – өте күрделі, бір-бірімен байланысты кешенді мәселелердің жиыны. Осы орайда көші-қон саясаты, еңбек нарығын реттеу, әлеуметтік қамтамасыз ету, мигранттардың санын шектеу деген сияқты аса маңызды салалар бойынша қабылданатын саяси шешімдердің де ықпалы зор екенін ескеруіміз керек. Университеттер шетелдік студенттерден түсетін табысқа ғана үміт артып отырса тұрақсыздық болатыны анық. Мысалы, Англияның солтүстік-шығысында оқитын студенттердің үштен бірі - шетелдіктер. Былтыр ауысқан үкімет жетекшісінің иммиграцияны шектеу мақсатында виза беру талабын қатаңдатуы студенттер санының азаюына алып келді. Сырттан келетін жастардың тек жоғары білім беру саласы емес, жалпы экономика мен қоғамның дамуына зор үлес қосатынын ескерсек, осындай бір шектеудің өзі бірнеше саланың құлдырауына ықпал етеді. Яғни, шетелдік студенттердің оқу ақысынан түсетін табысқа тәуелді болу британдық университеттердің бюджет шығынын қысқартуға кірісіп, бірталай азаматтың жұмыссыз қалуына алып келді.

Сонда біздің жастардың осы жаққа қарай ұмтылуы олардың жыртығына жамау бола алмайтыны анық қой?

– Иә, ол мүмкін емес. Орта есеппен қазақстандық ЖОО-ның жылдық бюджеті – 8-10 млн фунт. Назарбаев университеті ең көп дегенде бастапқы кезеңде орта есеппен жылына 200-300 млн доллар жұмсады. Queen's University of Belfast (Квинс университеті) – 475 млн фунт, Кардифф университеті 640 млн фунт жылдық бюджеті бар. Манчестердікі – 1 млрд 365 млн фунт, Оксфордтыкы 3 млрд фунт. Дағдарыс қысқандықтан, университеттер шығынды барынша азайту керек деген мақсат қойып отыр. Мәселен, Данди университетінің басшысы отставкаға кетті. Жаңа басшылық 3000 адам қызмет ететін университеттің 700 жуық адамын қысқартамыз деген шешім қабылдады. Яғни университет қызметкерлерінің 20 пайыздан астамын жұмыстан шығарады. Бұл жерде ең басты мәселе – университет стратегиясының дұрыс жасалмауы.

ҚАЗАҚ ҒАЛЫМДАРЫ ШЕТЕЛДІК ЖОО-ЫН ДАҒДАРЫСТАН ШЫҒАРУҒА КӨМЕКТЕСЕДІ

Қателік қайдан кетті?

– Бастапқы кезде ЖОО-ры тым оптимистік жоспар құрады. Буфер жоқ. Дағдарысқа қарсы менеджмент дұрыс емес. Мысалы, Данди университеті ректорының жұмыстан кету себебі ол Австралияға 3 күнге іссапармен барып келуге 7 мың фунттан (4,5 млн теңге) аса қаржы жұмсаған. Яғни, олардың осындай қарапайым үнемдеуге болатын шығындары дұрыс есепке алынбаған. Бизнес класспен ұшпаса да болады. Қаржыны қатаң бақыламайды. Мысалы, Сент-Эндрюсс Университеті жыл сайын әр ғалымның конференция, семинар сияқты іс-сапарларға баруы үшін 5 мың фунт бөледі. Оның шығыны орта есеппен 2-2,5 мың фунт, бұл қаржыға 1 ұлттық, 1 халықаралық жиынға қатысуға мүмкіндік бар. Бұл енді бір қарағанда сонша көп шығын емес. Бірақ осылай жинақталып келгенде, ол - әжептәуір қаражат. Бұл жерден шығатын қорытынды ЖОО-ның дағдарыс кезіндегі стратегиялық менеджменті дұрыс емес. Біз шетелде жұмыс істейтін қазақстандық ғалымдар, саяси экономика саласы бойынша PhD Қайрат Молдашев екеуміз тура осы мәселені зерттеп, арнайы Strategy Development Handbook for Higher Education Leaders (ЖОО көшбасшыларына арналған стратегиялық даму нұсқаулығы) деп аталатын монография жазып, жарияладық. Онда осындай дағдарыстарды шешу үлгілері көрсетілген. Егер соған сүйенетін болса, дәл қазіргідей тығырықтың алдын алуға болар еді. Енді осы еңбектің практикалық жұмысын шотландиялық ЖОО-ры көшбасшыларынан эксперттік сұхбат алу арқылы жазсақ деген ниет бар. Мысалы, Эдинбург университетінде тапшылық жоқ. Себебі оларда ғасырлар бойы қалыптасқан басқару үлгісі бар. Дегенмен бұл - оларда бәрі керемет деген сөз емес. Сырттан келген студент, магистрант саны азайып кету қауыпы бар. Бірақ солай екен деп олар стандарттарын түсірмейді. Әлемдік рейтингтегі орнын жоғалтпас үшін барын салады. Мәселен, олар сырттан келетін студенттерден IELTS (халықаралық ағылшын тілі тест жүйесі) нәтижесі кемі 7 балл болуын талап етеді. Егер студент азайып кетті деп талапкерлерді қабылдайтын кезде оларға қоятын талапты түсіріп жіберсе, рейтинг те құлдырайды. Оны қалыпқа келтіру оңай емес. Олар осыны түсінгендіктен, сапа стандарттарына баса мән береді. Сол себепті Эдинбург университеті 140 млн фунтты қалай үнемдейміз деген сұрақты талқылауға кірісті. Офис қызметкерлерінен бастап, оқытушыларға дейін барлық бөлімде қысқарту болады. Оның ішіне гранттар, университет қызметкерлерінің іс сапарлары үшін қарастырылған қаржы сияқты басқа да шығындар кіруі мүмкін. Қысқарту оңай болуы үшін университет қызметкерлерін жұмысқа алғанда арнайы 2 жылдық келісім-шарт жасайды. Кейін соның мерзімін ұзартпай, ол азаматтар жұмыстан шығарылады. Бұл – 2024 жылы басталған жұмыс. Себебі пандемия кезінде тым көп адам жұмысқа алынған. Енді оларды жұмыстан шығарудың оңтайлы амалы осы ғана. 2021 жылдан бастап Шотландия ЖОО-да орталықтандыру басталды. Бұрын әр факультеттің, әр мектептің жеке кадр бөлімі, маркетологы, студенттерге қызмет көрсету орталығы болатын. Қазір ол тек орталықтандырылған жүйеге қарайды.

Сапа төмендемей ме?

– Әрине, төмендейді. Басында көптеген түсініспеушіліктер болды. Алғашқы 1-2 жыл қиналды. Кейін олар осы орталықтандырылған жүйенің тиімді екеніне көз жеткізді.

БРИТАНИЯДА БІЛІМ АЛҒЫСЫ КЕЛЕТІНДЕР НЕНІ ЕСКЕРУІ КЕРЕК?

Бүгінде Қазақстан азаматтары арасында британдық білім алуға құлшыныс жоғары. Байқағаным, көпшілігі Англияда орналасқан оқу орындарында білім алуды қалайды. Осы орайда, Британияның білім беру жүйесінің негізгі ерекшеліктері туралы пікіріңізбен бөліссеңіз...

– Британия университеттерін қалыптасу тарихына қарай 4 топқа бөліп қарастырамыз. Біріншісіне ең алғаш ашылған ЖОО-ры кіреді. Олардың жалпы саны – 7, Оксфорд, Кембридж, Даблин сияқты орта ғасырда ашылған университеттер. Шотландияда алдымен Сент-Эндрюс, Глазго университеттері ашылды. Бұл санатқа кіретіннің ішіндегі ең жасы – Эдинбург, 1583 жылы ашылған. Біздің түсінікке салсақ, бастапқыда медресе сияқты, дін қызметкерлерін дайындайтын, шіркеу жанындағы оқу орындары болып қалыптасқан. Осы кезеңде Британ империясы құрылады, кейін индустриализация басталады, өндірісте жұмыс істейтін маман тапшылығы болды. Оған 8 университет аздық етеді. Ол кезде қазіргідей университет деп аталмаса да маман дайындайтын оқу орындары болған, соларды университет деңгейіне көтеру мәселесі қарастырылады.

Өндірістік төңкеріс кезінде университеттердің екінші бір тобы қалыптасады. Оларды шартты түрде салынған ғимараттың материалына қарай "қызыл кірпіш университеттер" деп атайды. Олар: Манчестер, Ливерпуль, Лидс, Шеффильд сияқты оқу орындары. Инженер дайындауға басымдық береді. Қазақстанда білім беруге лицензия алсаңыз, ЖОО-ны ретінде қызмет көрсетесіз. Бірақ мында университет статусын алу үшін Ұлыбритания патшайымы немесе патшасы (король) жарлығы керек.

2-ші дүниежүзілік соғыстан кейін 1945-70 жылдары капитализмнің өркендеген кезінде кәсіби біліктілігі жоғары мамандар керек болады. 1961-67 жылдары тағы да бірқатар институттарды университетке айналдырады. Бұл – үшінші топ,"шыны университеттер" (плейт гласс) деген атауға ие, осы кезеңде оқу орны ғимаратын шыны материалды пайдаланып салатын болған соң солай атаған. Бұл – Британияда дағдарыс басталған уақытпен тұспа-тұс келді. 1979 жылы билікке Маргарет Тэтчер келеді де барлық өндіріс орындарын жекешелендіруге кіріседі. Ол экономикада төңкеріс жасап, халық көп қысым көреді. Оффшоринг басталады. Британдық зауыттар азиялық мемлекеттердің арзан жұмыс күшін пайдалана бастайды. Сервистік қызмет көрсетуге дайын кәсіби маман дайындау қажеттілігі осы кезде пайда болады. Үкімет экономиканы дамыту үшін инвестицияны қалай тарту керек деген сауалдың жауабын іздейді. Білімді сату қажеттілігі туады. Бренттен табыс табуға тырысып, 1990-шы жылдардың басында 70 шақты институтқа (техникалық білім беретін) университет мәртебесі беріледі.

Соңғы 4-ші топ "пост-92 университеттері" қатарына Нэпиер, Манчестер, Метрополитен сияқты 78 университет кіреді. Осылайша, оқу орындары саны көбейгендіктен, 1994-шы жылы Ұлыбританияның ең мықты 24 зерттеу университеті Лондонда "Расселл групп" деп аталатын элиталық қауымдастық құрады. Оның алғашқы ондығы және кейінгі ондығы бар. Алғашқысына ең мықтылары кіреді. Олар: Оксфорд, Кэмбридж, Манчестер, Шэффилд, Лондон Экономика мектебі, Лондон Империялық колледжі сияқты университеттер. Оған кірмейтін қоғамдық зерттеуші университетер де бар. Бірақ олар жабық Расселл клубқа кірмейді. 2017 жылы Лестер университеті ректорын Қазақстанға шақырдық. Ол Расселл құрамында емес, осы топтық бөліністерге орай ақпаратты нақтылау үшін сол кісіге сұрақ қойдым.

Айтуынша, жоғары деңгейлі университет ұйымы құрамына кіруі үшін оның жарналары, аса жоғары талаптары бар. "Пост 92" тобына кіретін оқу орындары зерттеу университеті болмағандықтан, сервистік экономикаға баса назар аударылған уақытта қызмет көрсететін мамандарды дайындауға көшті. Себебі қарапайым халықтың білімін көтеру қажеттілігі туындады. Олар ең үздік британдық зерттеу университеттеріне түсе алмайтыны белгілі. Сондықтан біраз дамыған соң, сапаны көтеруге көшті. Шетелде өз филиалдарын ашып, екі мемлекетте де мойындалатын диплом беруге кірісті. Кейбірі зерттеу университеті деңгейіне көтерілді. Себебі зерттеу университеттері өндірістен тапсырыс алып, нақты мәселелерді шешумен айналысады. Оған ғылыми мектебін қалыптастырып үлгерген мықты ғалымдар келеді. Олар университет деңгейін бірден жаңа сатыға көтереді. 

Қазір мында зерттеу университеттерінен келген ғалымдар тичинг (білім берумен ғана айналысатын) университетке жұмысқа барғысы келмейді. Ал одан шыққан ғалымдардың зерттеу университеттеріне жұмысқа тұруы екіталай. Егер аяқасты Нобель сыйлығын алмаса, мүмкіндік төмен.

Сондықтан студенттер үшін де мамандық таңдағанда, университеттерді қарастырғанда осы бір ерекшеліктерді ескеріп, ЖОО-ның жалпы рейтингте үздіктер қатарында болғаны емес, маман даярлаудағы жетістігі қандай деген сауалдың жауабын іздеген дұрыс. Яғни, мен қай жерден қандай білім ала алам деген мәселе маңызды. Университет дәрежесіне мән беріп, оның әлсіз маман дайындайтын департаментіне барудың мәні жоқ. Мүмкіндігі төмен болса, онда тиімділігі де шамалы.

АҚШАҢ БОЛСА, ҚАЛАЙДА ОҚУҒА ТҮСЕСІҢ ДЕГЕНГЕ КЕПІЛДІК ЖОҚ!

Шотландия ЖОО-на түсудің қандай ерекшелігі бар?

– Шотландия ЖОО-на бакалавр дәрежесін алу мақсатында түсудің 3 түрлі амалы бар. Егер мүмкіндік болса, жергілікті шотландиялық мектепті бітіріп келесіз немесе Англиядан эй левел, интернейшнл бачелар айбиді бітіресіз. Білім көрсеткішіңізге сай құжат тапсырасыз. Олар өз талабына келетіндерді таңдап алады. Мысалы, Қазақстаннан 1 жылда 50 адамды қабылдай салмайды. Себебі оларға дайверсити, яғни әр түрлі ортадан талапкер алу маңызды. Мысалы 100 орынға 500 адам тапсырды делік. Оларда таңдау бар. Шертіп тұрып ең мықты екеуін ғана алады. Бір географияға қатты мән бергісі келмейді. Мысалы, жергілікті Үкімет Оксфордтқа талапкерлердің 5 пайызын Англияның кедей аудандарынан алу керек деген сияқты ұсыныс жібере алады. 

Бұл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ме?

– Иә, оны таңдап алу үшін арнайы рейтинг және ашық мәліметтер базасы бар. Сол аудандарда тұратын адамдардың білім деңгейі, айлығының көлемі, қылмыс туралы ақпарат, медициналық көрсеткіштер туралы ақпарат барлығы ашық дерек көзінде қамтылған. Мәселен, бұрын Оксфордқа Итон колледж түлектері келіп, ол университет Премьер-министрлердің ұстаханасы сияқты болса, қазір университетке студент қабылдауда әр түрлі топ өкілдерін тарту маңызды. Ағылшынша айтсақ, Diversity, Equity, and Inclusion (әртүрлілік, теңдік және инклюзия), яғни баршаға теңдік, тең мүмкіндік беру маңызды. Ағылшындарда соңғы 400 жылда еш революция болмаған. Әрине шиеленістер болып тұрады. Бірақ халықтың үніне құлақ асатын билік болғандықтан, олар наразылық тудырмайтын деңгейде халықтың сұранысына сай қызмет атқарады. Себебі бұл жақтағы билік француз төңкерісінен жақсы сабақ алды. Университеттерде де солай. Ақшаң болса, қалайда оқуға түсесің дегенге кепілдік жоқ. Білімің, басқалардан ерекше қабілетің, жетістігің болса ғана студент қатарына қабылданасың.

IELTS  7 не, одан да жоғары балл, мықты білім беретін мектептің түлегі болу студент қатарына қабылдануға кепілдік бермей ме? Егер ақылы оқитын болса, шамамен қанша шығын кетеді?

– Британияда бакалавр үшін толық грант беретін университеттердің саны АҚШ-қа қарағанда өте аз. Себебі олар алдымен өз азаматтарына жоғары білім беруді көздейді. Сондықтан, ақшаңыз бар болса көрейік, біліміңіз жетіп жатса ғана студент атанасыз дей алады. Ақша бар, қалай да қабылдайды деген түсінік жоқ. Талапкер Қазақстанның ең беделді, сапалы білім беретін мектебінің түлегі болса да, оның ата-анасы жылына 20-30 мың фунт төлей ала ма деген үлкен сұрақ бар. Шотландияның жоғары мектебінде Англияға қарағанда 1 жыл азырақ оқиды. Англияда 3 жыл оқып бакалавр бітіру мүмкіндігі бар. Шотландияда 4 жыл. Оқу ақысын төлеу жағынан шамалы үнемдеуге болады. Бакалавр қазір мектептен кейінгі бір саты қана, сондықтан мына жақта жергілікті халық оны бітіре салысымен магистратураға түспейді.

МАҚСАТСЫЗ МАГИСТРАТУРАҒА ТҮСУ ҚАЖЕТ ЕМЕС!

Неге? Кәсіби біліктілікті арттыру талап етілмей ме?

– Жастар жұмысқа орналасып, табыс табуды көздейді. 21-22 жасында оны магистратура күтіп те тұрған жоқ. Студенттер үшін жатақханада тұрудың жылдық шығыны - 10 мың фунт, сондықтан мұнда жастар бірінші курстан соң жарты жүктемемен жұмыс істеуге тырысады. Осылайша бакалавр дипломын алғанша еңбектеніп, тәжірибе жинау мүмкіндігіне ие болады. Содан кейін магистратураға түсуді ойлайды. Өйткені жұмыс істеу барысында заманауи, кейбір өзгерістерге сай білім жетіспеушілігі бар екенін байқайды. Сол себепті жарты күн жұмыс істей жүріп, білімін жетілдіруге тырысады. Мысалы сіз инженерсіз делік. 5 жылдық жұмыс өтіліңіз бар. Сол аралықта қызметіңіз көтерілсе, команданы қалай басқару керек, стратегиялық жоспарды қалай жасаймын, жобаны қалай жүзеге асырамын, коммуникацияны қалай құруым керек деген сауалдарға жауап іздейтін кез келеді. Міне осындай жағдайда ғана Бизнес мектепке келіп, магистратура оқудың қажеттілігі туындайды. Мында екі түрлі нұсқа бар. Жұмыс істеп жатқан жері оған 1 жыл ақылы демалыс береді. Барып оқы да, сол жақта үйренген біліміңді өндіріске ендір деген талап қоя алады. Жергілікті азаматтар үшін магистратурада техникалық сала бойынша білім алу ақысы 2-3 мың фунт, басқалары мамандыққа байланысты 10-20 мың фунт шамасында шығындалуы керек.

БРИТАНИЯДА ДОКТОРАНТУРА ОҚУ – ТОЗАҚТА ЖҮРУМЕН ТЕҢ

Қазір жастар арасында ғылыммен айналыссам деген ниеті болмаса да магистратурадан кейін дереу докторантураны бітіруді қалайтындар көп, осы қаншалықты дұрыс?

– Бұл жерде нақты мақсатты анықтап алу керек. Сізге магистратура не үшін қажет болды? Егер ғалым болғыңыз келсе, әңгіме басқа. Инженер ретінде өндіріске баратын болсаңыз, сізге докторантура не керек? Егер докторантураға түсу мақсат болса, көздегеніңіз не? Осы сауалдың жауабын нақты білу керек. Қазақстанда бәрі академик болғысы келеді. Докторантурада грант та көп. Бірақ түскен адамдардың ғалым болсам деген ниеті де жоқ. Стипендия алып жүргендеріне мәз. Атақ, мақтаныш, престиж дегендей. Мына жақта докторантураға түсудің мақсаты – ғалым болу. Маман дайындаумен айналысамын, зерттеу жүргіземін деген ниет. Егер онымен айналыспасаңыз PhD алудың еш мәні жоқ. Өйткені Британияда докторантура оқу – тозақта жүрумен тең. Үш жыл бойы ізденіп, жаңа бірдеме табуың керек, үздіксіз жұмыс. Стипендия аз. Отбасың болса, ол мүлдем жетпейді. Егер 25 жасыңда PhD болсам деп талпынбасаң, 45 жасыңда онымен айналысу бекер. Сырттан келетін адам болсаң, мақсатың өзгеріп кетеді. PhD алған соң, егер өндірістің адамы болсаңыз, жұмыс орны сізге бір артықшылық бермейді. Ол жақта тәжірибе маңызды. Оларға сіздің докторантурада өткізген 3 жылыңыздан Тойото сияқты әлемдегі ең үздік өндіріс орындарында тәжірибе жинақтап келгеніңіз артық болатыны анық. Қазақстандағы ғылыми атақ қуу үрдісін Таяу Шығыстан да байқауға болады. Мысалы, Абу-Дабиде үкімет басқарып отырған азаматтар бізге докторантураға түсуге келеді. Мәселен, сол жерде цифрлық трансформацияны басқаратын азамат біздің университетімізге келіп, маған Британияның жоғары оқу орнының докторантурасын бітіргенін растайтын құжат керек деп айтады. Олар үшін бұл бедел, мәртебе болып саналады. Қытай азаматтары арасында да бизнесті басқару саласы бойынша доктор деген дәрежені алғысы келетіндер көп. Олар осында алған білімі негізінде бизнесті басқару амалдарын жақсартуды көздейді. Бірақ бұл жерде нақты бір ғылыммен, ғылыми зерттеумен айналысу дегеннен басқа міндет тұр, соған сай бағыт та бар. Мысалы, менің кениялық докторантым бар. Ол өз елінде мастер кард қолданатын банктерге кеңес берумен айналысады. Ол - практик, енді сол беріп жүрген кеңесін барынша-жан-жақты, әрі жоғары сапада жүзеге асыруы үшін оған бизнес саласындағы докторантурада білім алу қажет болған. Сол үшін оған британдық ғалымдардың алдынан өтіп, өзінің жұмысы аясында зерттеу жүргізіп, ғылыми жұмысын қорғау маңызды. Кейін ол университетке барып, практик ретінде өз саласына қажетті мамандарды дайындауға да мүмкіндік алады. Күнделікті жұмысынан қол үзбей, өз елінде қызметін жалғастыра отырып, екі аптада бір рет тұрақты онлайн кеңес өткізіп отырамыз. Жылына бір рет келіп, есебін беріп, ғылыми комитет алдында жұмысын қорғап кетеді.

Біздің елдегідей докторанттардан Скопус базасына енетін журналға мақала жариялауды талап етесіздер ме?

– Жоқ, ондай талап жоқ. Ғылыми ортада мойындалуы үшін күнделікті тәжірибеде істеп жатқан жұмысы аясында арнайы модель құрамыз. Абу-Дабиде істеп жатқан жұмысы аясында әмбебап үлгіні қолдана отырып, оны басқа да елдерде енгізіп, жұмыс істей алады. Енді соны ол өзі тұратын аймақтардағы елдер үшін дайын форма ретінде пайдалана алады.

ҚАЗАҚСТАНДЫ ДАМЫТУҒА НЕГІЗ БОЛАТЫН ЕҢ МЫҚТЫ ИНСТРУМЕНТ – "БОЛАШАҚ" БАҒДАРЛАМАСЫ

Бізде сырттан мемлекет қаражатына білім алып, ғылыми жұмыс қорғап келген PhD докторлар елде кемі 5 жыл еңбек етуі тиіс. Осы уақытта олар халықаралық нетуоркингтен алыстап кетпей ме?

– Мен осы сұрақты өзіме 2018 жылы қойдым. Мысалы, Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің тәуелсіздік алған уақытына қарасақ, 18 жыл айырма бар. 2010-да Дубай мықты орталыққа айналды. 2030 жылы Қазақстан БАӘ-нің сол кездегі деңгейіне жете ме? Егер жетпесе, оған кедергі келтіретін қандай мәселе бар? Бізде де солардыкындай мұнай бар. Білімді халық бар. Адами капитал жеткілікті. Мектепке бармағандар жоқ. Шынымен ойландыратын сұрақ. Қазақстанды дамытуға негіз болатын ең мықты инструмент – "Болашақ" бағдарламасы. Қазір 10-15 мыңнан астам түлек бар болуы керек. Олар қайда? Қазақстанда болса, олардан қандай пайда бар? Капиталын дұрыс қолдана алдық па? Мәселе мынада, олар Астана, Алматы, Атырауда ғана жемісті жұмыс істеді. Басқа аймақтарда айтарлықтай өзгеріс көре алмадық. Негізінен мұнай-газ саласында жұмыс істеп келгендерден пайда көрген сияқтымыз деген ойдамын. 2015 жылдан бастап білім беру саласындағы менеджмент мамандығы бойынша білім алған азаматтар білім беру саласына тың серпін беруге кірісті. Назарбаев университеті оларды өте тиімді қолданды. PhD бітіргендер саны әлі аз. 2011 жылы 60 грант бөлінді. Бірақ ол толық игерілмеді. Тек жиырма адам ғана білім алуға кірісті.

Себеп неде?

– Шетелде докторантураға түсу өте қиын. Ол кезде Қазақстанға PhD енді келе бастады. Адамдар оның не екенін түсінбеді. Оның үстіне 3 жыл шетелде докторантура оқуға аздық етеді. Меніңше оған 4 жыл керек. Қазақстанда шетелде докторантура бітіргендер аз болғандықтан, олар өзара пікір алмасып, қандай да бір өзгеріс алып келу ірі қалаларда болғанмен, аймақтарда ондай елеулі өзгерістерді көру қиын. Студенттерге біз не беруіміз керек? Ол білім болса, ол кітаптағы ақпарат қана ма? Әлде оны қолдануды үйрету керек пе? Мында оқытуға емес, алған білімді кәдеге жаратуға, нақты қолдана ала ма, соған басымдық береді. Студент оқи бермей, нақты білімді қолдануды үйренуі керек. Қазақстанда лектор дәріс оқып кетеді. Семинарда әр студент содан түсінгенін айтып береді. Сонымен болды. Одан қандай нәтиже күтуге болады?

Қазір Қазақстанда көптеген шетелдік ЖОО-ның бөлімшелері ашылып жатыр. Олар бастапқыда бакалавр дайындайды. Кейін магистратура, докторантура ашуы мүмкін. Бұл өз кезегінде "Болашақ" арқылы шетелде білім алғысы келетіндердің қатарын азайтуға ықпал етпей ме?

– Елдің дамуы үшін бәсекеге қабілетті болу керек. Ол инновация арқылы ғана келеді. Оны қалай табасыз? Әдетте инновацияны жеке компания жасайды, бірақ онда көбіне ақша бола бермейді. Зерттеу жүргізу үшін мемлекет тарапынан көмек күтеді. Үкімет оларға кадр дайындауға көмек көрсетіп, қаржы бөледі. Осы кадрлар мәселені шешуі тиіс. Өкінішке қарай, қазақстандық университеттерде инновация жасайтын ғалым да, оны қолдана білетін мамандар да аз. "Болашақ" осы мәселені шешу үшін қажет. Сырттан оқып келген жастар елге өзгеріс енгізу керек деген ой болды. Қазір магистратураға оқуға баратындар 700 адамнан аспайды, тағылымдамамен барып келетін азаматтардың саны көбейді. 4 жылда 2 мың адамды сыртқа жібердік. Бірақ жалпы ғалымдарымыздың саны қанша еді? Бәрі барып келген сияқты ма, әрі қарай қалай болады? Олардан қандай нәтиже болды деген сауал да зерттеу жүргізуді талап етеді. 1997 жылы 2030 жылға дейінгі стратегияны қабылдадық. Кейін 2050 деп межені анықтадық. Келесі деңгейіміз не? Қалыптасқан жағдай "Болашақ" түлектерінің айтарлықтай нәтиже бермегенін көрсетті. Оларды экономикаға интеграция жасай алмадық. Кейін Білім және ғылым министрлігін екіге бөліп, жоғары білім мен ғылымға баса мән берілген кезде шетелдегі беделді университеттердің бөлімін елде ашып, мықты мамандарды шақырып, студент дайындауға кірісу мүмкіндігі қарастырыла басталды. Маңыздысы, бір әрекет бар, оның болмағанынан болғаны жақсы. Қаншалықты тиімді болды, ол енді басқа мәселе. Қазір қазақстандық университеттердегі жағдай 2015 жылмен салыстырғанда тәуір. Бүгінде докторантураға түсу мүмкіндігі жоғары. Грант жеткілікті. Кейде игерілмей де қалады. Сан көбейді, енді сапаны көтеру мәселесі алға шығуы керек. Шетелден келген ғалымдарды көрген біздің мамандар бәсекеге қабілетті болуға тырысады. Алматыда қызмет еткенде байқағаным, бұрын әркім өз докторантын өзі дайындайтын. Қазір бірнеше университет бірігіп, дайындап шығарады. Нархоз, АлмаЮ, СДУ бірігіп, оқу бағдарламасын дайындайды да, маңызды тақырыптар бойынша нақты салалық зерттеу жүргізген мамандар келіп дәріс оқиды. Бұл – сапаны көтеретін өте тиімді тәжірибе. ҚБТУ мен КИМЭП оны жасай алды. Назарбаев университеті оазис құрды, ешкіммен бөліскен жоқ. Олар басқа да университеттермен тәжірибе алмасып, нетуоркинг орнатса, өте пайдалы тәжірибе болар еді.

ШЕТЕЛДІҢ ТӘЖІРИБЕСІН СОЛ КҮЙІНДЕ ҚАЗАҚСТАНҒА ЕНГІЗУ ДҰРЫС ЕМЕС!

Қазақстандағы білім беру жүйесін жақсарту мақсатында Шотландияның қандай озық тәжірибесін ескерген жөн?

– Әр жаңа дүниені ендіру үшін ішкі дайындық болуы керек. Қазақстандағы білім беру жүйесінің өзінің ерекшелігі бар, оған шотландиялық тәжірибені енгізе қою оңай шаруа емес. Оны іргетастан бастау керек. Жаңа ұрпақтың сұранысы басқа. Оған бір жүйені ыңғайлау, бейімдеп барып енгізген жөн шығар. Шотландиядан алып, оны бірден Қазақстанға енгізу қиын. Ол жұмыс істемейді. Механизмдерге қарау керек.

Білімді бағалауға қатысты өзгеріс енгізу керек деп ойлайсыз ба?

– Емтиханның да түр-түрі бар. Қазақстанда тестке басымдық беріледі. Шотландияда университетке оқытушы болып барғанда, өзіңіз дәріс оқитын курсты қалай ұйымдастыру керек соны 2 жылдық бағдарлама аясында үйретеді. Оның сертификаты болмаса, сабақ беруге мүмкіндік ала алмайсыз. Силлабусынан бастап, емтиханына дейін әдістеме жасаудың барлық амалдарын өз талаптарына сай оқытады. Қазір қазақстандық оқытушылар үшін әлемнің озық университеттерінің дәрістері қолжетімді. Демек заманауи дәріс оқуға, оны студенттердің қалай қабылдағанын бағалауға арналған үлгі жоқ деп айту қиын. Әр апта соңында оқытушы ретінде қандай тәжірибе жинақтадым, қандай мәселені реттеу қиын болды деген сияқты сұрақтарға жауап іздеймін. Өз жұмысыма сыни пікір жазумен айналысамын. Соның негізінде көп сұрақтарға жауап табуға болады. Бұрын өз сабағымның емтиханында теорияға байланысты 6 сұрақ қоятынмын. Қазір апта сайын студенттерге нақты кейс беріледі, сол бойынша студенттер емтихан тапсырады. Емтихан кейс форматында болады және үш сұрақ сұралады. Оның жауабын дәріс беруші сипаттап университетке жазып береді. Бірақ өзі емтихан алмайды. Оған еш қатысы жоқ. Емтиханды профессорлардың көмекшілері тексеріп, бағалайды. Кейін мен олардың қойған бағасы қаншалықты әділ соны тексеремін. Оны модерация деп атайды. Осы тәжірибені біз Британиялық Ковентри Университеті Нархозда қос дипломдық бағдарлама ашқанда жүзеге асырдық.

Шотландия университеттерінде жемқорлық жоқ деп айтуға негіз бар ма?

– Әрине, онымен айналысатын адам қай жерде де жасайды. Бірақ мында оның алдын алуға барлық жағдай жасалған.

Тағылымдамадан өткісі келетін мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Алдымен ағылшын тілін жетік меңгермей шетелге келмеу керек дер едім. IELTS кемі 6.5 балл болуы керек. Ортадан жоғары деңгей болмаса қиын. Ғылыми стильде жазу, сөйлеу дағдыларын дамытпай, сабаққа бірден кірісіп кету оңай емес. Тілдік білімді жетілдіру үшін оны басқа бір қалада, басқа бір университетте 2-3 ай үйрену дұрыс емес. Қай университетте тағылымдамадан өтесіз, сол университеттің өзінде дайындық курсынан өткен дұрыс.

Тағылымдамадан өтудің жол картасы керек пе? Жүйесі дұрыс емес сияқты ма, қалай?

– Оқыту мен оқу, білім алу (teaching and learning) дегеннің айырмасын әлі түсінбей жүрміз. Тағылымдағы формат әлі – teaching (оқыту) бәрін бір шаблонға тығып тастаған. Әр сала маманына арналған ерекше бағдарлама жасалуы керек.

ДАҒДАРЫС КЕЗІНДЕ УНИВЕРСИТЕТТІ КІМ БАСҚАРУЫ КЕРЕК?

Білім беру саласындағы дағдарыс себебі неде?

– Қазір университеттердің стратегиялық даму жоспарын дұрыстап жасау керек деген мәселеге баса назар аударылып жатыр. Орталықтандыруға қатысты да сын көп. Оны жаса деп ақыл берген - бизнес консультанттар. Олар пайда туралы ойлайды. Ал білім беру саласы табыс табу, бюджеттің жыртығын жамау емес, адамзаттың болашағына, дамуына қызмет етуі керек. Университетті басқаратын азаматтар - профессорлар, олардың орнын бизнесті басқаруда тәжірибесі бар мамандармен алмастыру керек шығар деген пікірталас та бар. Олар келсе, алдымен қысқартудан бастайды. Ал ғалымдар ақша табу мәселесіне бас қатыра қоймайды. Олар біз ғылым қорынан қаржы аламыз, ол сауалға бас ауыртпауымыз керек деп ойлайды. Дағдарыс кезінде университетті кім басқаруы керек? Профессор ма, әлде басқаруды кәсіби деңгейде меңгерген азамат па? Мүмкін екеуінің симбиозы керек шығар? Симбиоз әзірге жоқ.

Уақыт бөліп, маңызды ақпаратпен бөліскеніңіз үшін көп рахмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу