Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалым Кенжебаев қызметінен кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы Sports.kz-ке сілтеме жасап.
"Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметінен өз еркіммен кеттім. Басшылық отставкаға кетуіме қол қойды. Менде ешқандай реніш жоқ. Екі жыл бойы біз бірге жұмыс істедік. Командада тәжірибелі мамандар да, мықты боксшылар да болды. Біз қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Барлық боксшы іріктеуден өтті, ұлттық құрамада үздік боксшылар болды. Жігіттер Олимпиадаға неге қатыспағанын жақсы біледі, өз кемшілігіңді мойындау маңызды. Бәрі де біз қалағандай бола бермейді, оны Олимпиада көрсетті. Бәрінен де Сабырхан Махмұдқа мүмкіндік бермегеніме өкінемін. Бірақ Сабырхан Махмұд сияқты боксшылар асыл тастарға ұқсайды, олар ұзақ жатпайды. Ол өзін әлемдік аренада көрсететініне, Қазақстанға көптеген жеңіс сыйлайтынына сенемін. Мен оған және қазақстандық боксқа сәттілік тілеймін. Еліміз аман болсын!", - деп жазды бас бапкер әлеуметтік желідегі парағында.
Айта кетсек, боксшылардың Токио Олимпиадасындағы нәтижесі ешкімнің көңілін көншітпегені анық. Осыдан кейін Қазақстан бокс федерациясының бапкерлік мәселелер жөніндегі вице-президенті Бақтияр Артаев олқылықты тез арада түзеуге кірісетіндіктерін айтқан болатын. Оның сөзінше, ұлттық құраманың құрамы 80% өзгереді.