Солтүстік Қазақстан облысында газ бағасын негізсіз көтергендерге 4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынатын болды, деп хабарлайды 24.kz.
Петропавлда газ тасымалымен айналысатын үш бірдей компания 3 айда көгілдір отынның бағасын үш рет қымбаттатқан. Мұндай заңбұзушылықтарды арнайы тексеріс жұмыстарын жүргізген облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің мамандары хабарлап отыр. Олар былтырдан бастап 68 теңге тұратын газдың 1 литрін 73 теңгеге дейін қолдан өсірген. Қазір жинақталған іс мамандандырылған әкімшілік сотқа жіберілді.
"Тексеріс барысында 3 бірдей компания өткен жылдың қараша айынан бастап, үстіміздегі жылдың қаңтарына дейін газдың бағасын негізсіз көтергендігі анықталды. Енді олардың ісі сотта қаралады. Соттың шешімімен тасымалдаушылар тапқан табысынан 3 пайыз айыппұл төлейтін болады. Бұл шамамен – 4 миллион теңге", - дейді облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының орынбасары Наталья Шаяхметова.