Гүлзат Көбенова рейтингі төмен оқу орындарын атады

1381

Болашақ оқу орны мен мамандық таңдаған кезде қателеспеу өте маңызды.  

Гүлзат Көбенова рейтингі төмен оқу орындарын атады

Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова жоғары оқу орнын таңдаған кезде қандай факторларға көңіл аудару керектігін және жоғары оқу орындарының рейтингі қалай жасалатынын айтып берді.

"Болашақ оқу орны мен мамандық таңдаған кезде қателеспеу өте маңызды. Келесі жылдан бастап жоғары оқу орындары мемлекеттік емес, өз үлгісіндегі дипломдарын беретін болады. Министрлік "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, ЖОО рейтингісін түзіп отыр. Былтыр рейтингке 109 ЖОО кірді. Ең басты критерий – оқуын аяқтағаннан кейін түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші. Жұмысқа қанша уақыт ішінде орналасқаны, оған деген сұраныстың болуы, жалақы мөлшері де есепке алынады. Мысалы, былтырғы түлектердің жұмысқа орналасуы 3,5-5 айдай уақытқа созылған. Орташа жалақысы 103 мың теңгеден басталған", – деді ол.

Комитет төрайымы рейтингі төмен ЖОО-ларды "аутсайдер" университеттер деп тізіп айтып берді.

"Еліміздің 61 жоғары оқу орны түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 50%-дан төмен болып, тек бір жыл ішінде ғана 74%-дан асқан. Өкінішке қарай, рейтингте төмен тұрған ЖОО-лар жылдан-жылға қайталанады. Бұл рейтингті министрліктің және "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сайтынан қарауға болады. Мысалы, аутсайдерлерді қарасақ, Қазақстан теңіз университеті, яғни бүгінгі Ақтау гуманитарлық-техникалық университеті, Орталық Азия университеті, Өңірлік әлеуметтік-инновациялық университет, SilkWay халықаралық университеті, Астана университеті. Жұмысқа орналасу көрсеткіші төмен болған университеттер бар. Мысалы, Орталық Қазақстан академиясы, Сапарбаев атындағы институт, Мирас университеті, Сырдария университеті және басқалары", – деп атап айтты Гүлзат Көбенова.

Сондай-ақ, білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрайымының сөзінеше, бірқатар университет басқа ЖОО-лардан шығып қалған студенттерді жинайтын "шаңсорғыш" университке айналған.

"Кейбір жоғары оқу орындары "шаңсорғыш" деп аталып кетті. Не себептен? Себебі бұл ЖОО-ға басқа оқу орындарынан немесе шетелдік ЖОО-дан ауысып келіп жатқан студенттер өте көп. Сондай университеттер қатарында мысалы, Қазақстан инновациялық және телекоммуникалық жүйелер университеті, Өңірлік әлеуметтік-инновациялық университеті бар. Бұл ретте министрлік өз тарапынан мұндай жоғары оқу орындарымен күресуді көздеп отыр. Биылғы жылы Өңірлік әлеуметтік-инновациялық университеті лицензиясынан айырылып отыр. Бүгінгі таңда 2 университеттің лицензиясы уақытша тоқтатылды. Олар – Д.А. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясы және Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясы. Кейбір ЖОО лицензиясының қосымшаларынан айырылды. Кейбір университет лицензияларының қосымшаларын өз еркімен қайтарып отыр. Осындай мәселелерге назар аудару қажет деп ойлаймын", – деді БҒМ өкілі.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу