Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің ресми сайтында "Қазан айының ең үздік спортшысына" дауыс беру аяқталды. Дауыс беру нәтижесі бойынша дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев жеңіске жетті.
Қазан айының үздігі атануға 6 спортшы үміткер болды. Олар: Ғұсман Қырғызбаев (дзюдо), Элизабет Тұрсынбаева (мәнерлеп сырғанау), Андрей Чугай (велоспорт), Милана Сафронова (бокс), Дина Исламбекова (бокс) және Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика). Дауыс беру бүгін, 8 қараша сағат 13:00-де тоқтатылды.
Нәтижесінде 42,50 пайызбен Ғұсман Қырғызбаев үздік атанды. Андрей Чугай 42,14 пайызбен екінші орынға жайғасты. Ал 7,92 пайыз дауыс жинаған Милана Сафронова үшінші орынға ие болды. Olympic.kz командасы Ғұсман Қырғызбаевпен қатар әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшыларды шын жүректен құттықтап, Олимпиада қарсаңындағы маусымда сәттілік тілейді.