Бұл заң жобасы Сенат пен Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленді.
Оның басты мақсаты ғылым және білім саласындағы заңнаманы жетілдіру.
"Қазіргі уақытта ғылыми зерттеу институттарда немесе университеттерде істейтін ғалымдарымыз өздерінің доктор PhD, ғылым докторы, ғылым кандидаты сияқты ғылыми дәрежелері үшін ай сайын жалақысына қосымша үстемақы алады.
Енді оларға профессор немесе доцент сияқты ғылыми атақтары үшін жалақысына қосымша ақы беру ұсынылып отыр.
Мысалы доктор PhD, ғылым кандидаты қазір ай сайынғы жалақысына аталған ғылыми дәрежесі үшін 62 мың теңге үстемақы алса, енді ол қосымша доцент деген ғылыми атағы үшін тағы 30 мың үстемақы, яғни жалпы 92 мың теңгені ай сайынғы жалақысына қосымша үстемақы ретінде алатын болады.
Ал енді ол ғылым докторы болса, және қазіргі уақытта ол 125 мың теңге үстемақы алса, бұл заң қабылданғаннан кейін ол енді қосымша профессор атағы үшін тағы да 60 мың теңге, сонда жалпы алғанда 185 мың теңге көлемінде жалақысының үстіне қосымша ақы алатын болады", — деді мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.
Одан бөлек қолдау шараларының тағы бір тетігі халықаралық тәжірибеде кеңінен таралған саббатикал институты. Яғни жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың жетекші ғалымдары үшін шығармашылық демалыс беру ұсынылады.
Бұл шығармашылық демалыстың мерзімі бір жылға дейін, және осы кезеңде жетекші ғалым орташа жалақы деңгейіндегі төлемдерді алып отыруына да мүмкіндік беріледі. Бұл шығармашылық демалыс, ғалымдарымызға ғылыми, ғылыми-педагогикалық жұмыстарымен айналысуға, монографияларын , ғылыми мақалаларын шығаруға мүмкіндік береді.
Асхат Аймағамбетов түсіндіргендей, шығармашылық демалысқа шыққан ғалымдар сол уақыт аралығында өзге оқу орнына жұмысқа тұратын болса, оның демалыс мерзімі тоқтатылады. Демалыстан шыққан ғалым шығармашылық нәтижелерін көрсетуге міндетті және демалысқа шыққан жұмыс орнында үш жыл көлемінде қызмет етуі тиіс.
Тағы бір мәселе — әкімдіктерге ғылымды қаржыландыру құқығын беру ұсынылады.
Заң жобасы шеңберінде жергілікті атқарушы органдардың ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы құзыреттерін кеңейтуге қатысты маңызды жаңалық ұсынылды.
"Мұндай шешім өңірлерде ғылыми әлеуетті неғұрлым тиімді пайдалануға ықпал ете отырып, ғылымның дамуындағы өңірлік ерекшеліктер мен қажеттіліктерді барынша ескеруге мүмкіндік береді.
Сәйкесінше Әкімдіктер өңірлердегі проблемаларды шешуде ғылыми зерттеулерді пайдалануға мүмкіндік алады", — делінген депутат баяндамасында.
Сонымен қатар Заң жобасына "ғылыми этика" ұғымы енгізілді. Осы Заң жобасы шеңберінде ғалымдарымыз басшылыққа алатын этикалық қағидаттар, ережелер мен нормалар жиынтығын білдіретін "ғылыми этика" талаптары туралы норма да енгізілді.
Бұл норма ғылыми зерттеулердің сапасы мен жауапкершілігін арттыруға, академиялық адалдық қағидаттарын сақтауға бағытталып отыр.