Биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында кәсіби, ғылыми және техникалық қызметке бағытталған инвестиция көлемі 67,9% ұлғайып, соңғы 5 жылда рекордтық көрсеткішке жетіп, 49,6 млрд теңгені құрады. Тоғыз айдың көрсеткіші өткен бір жылдың жалпы көлемінен асып түсті, деп хабарлайды ranking.kz.
2018 жылы инвестиция 17,9% қысқарып, 43, 2 млрд теңгені құраған еді. Ал 2017 жылы 52,7 млрд теңге болған.
2019 жылдың тоғыз айындағы есеп бойынша кәсіби, ғылыми және техникалық бағытта 20 мың компания жұмыс істейді. Оның 19,7 мыңы шағын, 204 орта, 79 ірі компания.
Ғылыми-зерттеу және сынақ-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған ішкі шығын 72,2 млрд теңгені құрады. Ол ІЖӨ-нің 0,12%-ы. (2017 жылы - 0,13%).
Аймақтар бойынша алсақ, бұл бағыттағы инвестиция Алматы қаласында көбірек: 25 млрд теңге немесе жалпы көлемнің 50,4%-ы. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен (1,2 млрд теңге) салыстырғанда 3,9 есеге ұлғайған. Екінші орында Нұр-Сұлтан : инветсиция көлемі бір жылда 45,9% көбейіп, 8,3 млрд теңгені немесе жалпы көлемнің 16,7%-ын құраған.
Бұл үштікті Атырау облысы түйіндейді: 2,8 млрд теңге - өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4 есеге жоғары.
Кәсіби, ғылыми және техникалық бағыттың 96,7%-ын бизнес иелері қаржыландырды. Бір жылда бизнестің үлесі 83,4%-ға, 48 млрд теңгеге дейін өскен.
Бюджеттік қаражат 72%-ға азайып, 419 млн теңге құрады. Ол жалпы көлемнің 0,8%-ы ғана. Оның 264,2 млн теңгесі жергілікті бюджеттен, 154,8 млн теңгесі республикалық бюджеттен бөлінген.
Банктердің бұл бағытта несие беруі 7 есеге ұлғайып, 406, млн теңгеге жетті. Басқа қарыз қаражат көлемі бір жылда 56%-ға немесе 802,6 млн теңгеге азайған.
Құралай Құдайберген