Халық Кеңесін құруға 1,7 млрд теңге бөлінеді

399

Бұл 2027 жылға арналған республикалық бюджет жобасында көзделген.  

Халық Кеңесін құруға 1,7 млрд теңге бөлінеді Фото: Құрылтай

Қазақстан Халық Кеңесін құруға 1,7 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Келесі бағыт – қауіпсіздік, мемлекеттік басқару және резервтер. Бұл бағытқа 2027 жылы 4,9 трлн теңге көзделген. Шығыстардың негізгі бөлігі, яғни 3,3 трлн теңге күш блогына тиесілі және мемлекеттік басқаруға 787 млрд теңге көзделген. Үкіметтің резерві 370 млрд теңге мөлшерінде және Президенттің бастамаларына – 470 млрд теңге көлемінде резерв қалыптастырылды", – деді Абзал Бейсенбекұлы Құрылтайда өткен заң жобасының таныстырылымында. 

Қаржы вице-министрінің сөзінше, қосымша қаражат келесі бағыттарға көзделген: 

- 95 млрд теңге – күш органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдеріне;

- 2,3 млрд теңге – Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің санын арттыруға;

- 1,7 млрд теңге – Қазақстан Халық Кеңесін құруға көзделген.

Жалпы осы бағыт бойынша қосымша шығыстар шамамен 89 млрд теңге болмақ.

Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы Құрылтайда өткен брифингте бұл қаражат нақты қалай жұмсалатынына қатысты пікір білдірді.

"Бұл соманы Халық кеңесінде жұмыс істейтін қызметкерлердің санына бөлген дұрыс емес. Өйткені бұл жерде тек жалақы тұрған жоқ.  Өздеріңіз білесіздер, Халық кеңесі ғимараттағы жұмыспен шектелмейді, халықпен көп кездесу болады, форумдар жасайды, сессиялар өткізеді. Іссапар шығыстары бар. Сонымен қатар оларға қоғамдық кеңестер өткізу, ақпараттық жүйелерді қамтамасыз ету сияқты шығындар кіреді", – деді вице-министр тілшілердің сауалына берген жауабында.

Спикер Халық кеңесі әкімшілігіне жалақы қарастырылғанын айтты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу