Негізгі кезең және нақтылау жұмыстары қорытындысы бойынша сауалнамамен 19,6 миллионнан аса респондент қамтылды. Негізгі кезеңде қандай да бір себептермен санаққа қатыса алмаған респонденттерге арнайы sanaq.gov.kz сайты, e-Gov порталы және Aitu мобильді қосымшасы арқылы санақ сауалдарын толтыру мүмкіндігі берілді. Қазірде ұлттық статистика бюросы деректерді өңдеуге кірісті. Жоспарға сәйкес ауқымды іс-шараның алдын ала қорытындылары биылғы жылдың желтоқсан айында жарияланатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, шара аясында елімізде тұрақты тұрып жатқандардан өзге 12 айдан аса уақытқа шетелге іссапармен шыққандар (шетелдегі дипломатиялық корпус пен ҚР өкілдігінің қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері), келісімшарт негізінде бір жылдан кем уақытқа басқа елге кеткен отандастарымыз, өзге мемлекетте "Болашақ" бағдарламасы аясында білім алып жатқан студенттер, уақытша шетелге шыққан туристер, уақытша (12 айдан аз) елімізде жүрген шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар мен босқындар санақтан өтуде.
Халық санағын өткізу әдістемесіне сәйкес, сауалнама аяқталған соң нақты және тұрғылықты халық саны бойынша ақпарат алынатын болады. Бұл санаттар нені білдіреді?
"Нақты халық" дегеніміз, санақ өткізу кезіндегі белгілі бір елді мекендегі адамдардың санын білдіреді. Бұл санатқа тұрғылықты тұрғындармен қатар уақытша келгендер мен резидент емес тұлғалар жатқызылады. Яғни мұнда елді мекенге қонаққа, демалуға, жұмыс бабымен және т.б. мақсатта, сондай-ақ елде уақытша жүрген шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар мен босқындар қамтылады.
"Тұрғылықты халық" деген санатта елді мекенде тұрақты тұрып жүргендермен қатар уақытша басқа жаққа шығып кеткен азаматтар қамтылады. Олардың қатарына басқа елді мекенге немесе шетелге туыстарына, еңбек демалысына, жұмыс бабымен немесе басқа да себептермен уақытша кеткендер кіреді.
Алғаш рет санақ сауалдары кезінде қағаз тасымалдағыштар толығымен алынып тасталды. Респонденттерге арнайы sanaq.gov.kz сайты, e-Gov порталы және Aitu мобильді қосымшасы арқылы санақ сауалдарын толтыру мүмкіндігі берілді. Респонденттердің 42 проценттен астамы онлайн-санақ функциясын пайдаланды. Ақылы қызмет көрсету туралы шартқа сәйкес жұмыс істеген интервьюерлер планшеттерді пайдаланды.