Халықаралық қылмыстық сот Моңғолияға шүйлікті

430

Халықаралық қылмыстық сот (ХҚК) Владимир Путин Ұлан-Баторға келгенінде бұйрыққа сәйкес тұтқындамадың деп Моңғолияны ресми түрде айыптады, деп жазады inbusiness.kz сайты.   

Халықаралық қылмыстық сот Моңғолияға шүйлікті Фото: РИА Новости

 

"Путин Моңғолия жеріне келгенде тұтқындап, сотқа бермеді, ынтымақтастық туралы өтінішті орындамады. Бұл  Рим статутының ережелеріне қайшы келеді", – делінген ХКК мәлімдемесінде.

Гаагадағы сот палатасы кез келген адамның дипломатиялық иммунитеті, соның ішінде мемлекет басшыларының иммунитеті халықаралық сот шешімін орындауға кедергі болмайтынын еске салды. ХҚК-ға мүше мемлекеттер және оның юрисдикциясын қабылдайтындар "ХКК ордерлеріне жататын адамдарды олардың ресми мәртебесіне немесе азаматтығына қарамастан, тұтқындау не экстрадициялауға" міндетті. Сондай-ақ сот бұл институттың кез келген мемлекеттерден тәуелсіз жұмыс істейтінін және "халықаралық қоғамдастықтың жалпы мүдделеріне сәйкес келетін" функцияларды орындайтынын еске салды.

"Моңғолияның сотпен ынтымақтасудан бас тартуының ауырлығын ескере отырып", Улан-Баторға қатысты ХКК-нің одан әрі әрекетін ХКК-ке мүше мемлекеттердің Ассамблеясы анықтайды, делінген баспасөз хабарламасында.

Естеріңізде болса, Ресей Федерациясының Президенті 2024 жылдың қыркүйек айының басында Моңғолияға екі күндік ресми сапармен барды. Ресми түрде бұл сапар 1939 жылы Халхин Голда кеңес және моңғол әскерлерінің жапон қарулы күштерін бірлесіп жеңуінің 85 жылдығына орайластырылды. Дегенмен, сапар барысында Путин мен Моңғолия президенті Ухнагийн Хурелсух Ресей Федерациясынан мұнай өнімдерін жеткізу бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Улан-Баторда Путинді құрметті қарауылмен қарсы алды. ХКК прокуроры Кәрим Хан болып жатқан жайтқа түсініктеме бере отырып, Ресей президентінің көршілес елдерге ықпалы жауапкершіліктен құтылуға көмектеспейді деп мәлімдеді.

Кейін Моңғолия үкіметінің өкілі Politico басылымына берген сұхбатында елдің Путинді ұстаудан бас тартуын Ресей Федерациясына энергетикалық тәуелділігімен түсіндірді. Оның айтуынша, Моңғолия мұнай өнімдерінің 95%-ын және электр қуатының 20%-дан астамын көршілес елдерден импорттайды. 

"Бұл жеткізілімдер халқымыздың өмір сүруін қамтамасыз ету үшін өте маңызды. Моңғолия өзінің барлық дипломатиялық қатынастарында әрқашан бейтараптық саясатын ұстанады", – деді шенеунік Politico-ға берген сұхбатында.

2023 жылдың наурыз айында Халықаралық қылмыстық сот Путин мен Ресейдегі балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Мария Львова-Белованы тұтқындауға ордер берді. Олар Украинадағы соғыс кезінде әскери қылмыс жасады деген күдікке ілінген. Мәскеу ХКК шешімін заңды түрде жарамсыз деп таныды, ал Ресейдің Тергеу комитетінің өзі ХКК прокуроры мен судьяларына қарсы қылмыстық іс қозғады. Тергеу комитеті Путинді қудалау "заңсыз" деп мәлімдеді.

Ордер бойынша Владимир Путин Рим статутына қол қойған елдерге барудан бас тартуға мәжбүр болды. Осылайша, 2023 жылдың шілдесінде ол Оңтүстік Африкадағы БРИКС саммитіне бармады.

Алайда Владимир Путин жақында Астана қаласында өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитіне еш кедергісіз келе алды және Қазақстанға Халықаралық Қылмыстық Сот атынан сын айтылмады, себебі, СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Рим статуты біздің елде қолданылмайды – Қазақстан оған қол қоймаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу