Бұған дейін құжат 2025 жылға дейін жүзеге асырылуы тиіс болса, енді оның мерзімі 2029-ға дейін ұзартылды. Былтыр сәуірде қабылданған бағдарлама қазақстандықтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Алдағы 6 жылда билік азаматтардың, оның ішінде ауыл тұрғындарының табысын арттыруды көздеп отыр.
Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуді өткен жылдың басында Тоқаев тапсырған еді. Қаңтар оқиғасынан кейін Мәжілісте сөз сөйлеген Президент қазақстандықтардың кедейленіп бара жатқанын, жалақының өспей жатқанын, салдарынан әлеуметтік көңіл-күйдің нашарлағанын алға тартты.
"Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу қажет. Жұмыс нақты және мақсатты болуы керек. Әрбір басқару деңгейінде кедейлікті азайтудың нақты көрсеткіштері белгіленуі тиіс. Жұмысқа мұқтаж азаматтардың нақты санын анықтау қажет. Үкіметке "Атамекенмен" бірлесіп, екі айдың ішінде халықтың кірісін арттыру бағдарламасын қабылдауды тапсырамын", деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Үкімет Тоқаевтың бұл пәрменін орындады. Былтыр сәуірде Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды. Алғашында ол 2025 жылға дейін шақталған. Алайда, осыдан 3 күн бұрын кабмин оның мерзімін 2029-ға дейін ұзартты. Неге екенін Ұлттық экономика министрлігінде былай түсіндірді.
"Бағдарламадағы іс-шараларды іске асырудың тиімділігін арттыру жәнебақылауды жақсарту мақсатында оны жүзеге асыру мерзімі нақтыланды. Осыған байланысты бағдарламаның нысаналы көрсеткіштері 2029 жылға дейін өзектендірілді:
-еңбек қызметінен түсетін кірістердің үлесі жалпы табыстың 86,7% құрайды;
-2029 жылға қарай жыл сайын 480 мың адам жұмысқа орналастырылатын болады. Оның ішінде жастар-420 мың адам;
- табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 5%-ға дейін азаяды;
- жұмыссыздық деңгейі 4,6% құрайды (2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 4,9%)", деп түсіндірді ҚР Ұлттық экономика министрлігі.
Иә, қағаздағы жоспарға қарасаң бәрі әдемі. Бірақ, бұған қалайша қол жеткіземіз? Ең алдымен халықтың жалақысын арттыру көзделген. Бюджеттік ұйымдарда айлық, әрине, қазына есебінен көтеріледі. Ал кәсіпорындарда еңбек ететін қазақстандықтардың табысын мемлекеттік қолдау арқылы арттыру көзделген. Қарапайым тілмен айтқанда, Үкімет орта және ірі бизнес өкілдеріне қаржылай субсидиялар, жеңілдетілген несие беру арқылы көмектеседі, есесіне олар жұмысшыларының жалақысын көбейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуы тиіс.
Ауылдағы ағайын да назардан тыс қалмайды. "Ауыл аманаты" жобасын іске асыру шеңберінде олардың да табысын арттыру жоспарланып отыр. Сарапшылар бағдарлама мерзімінің тағы 4 жылға ұзаруын оң бағалап отыр. Алайда, Үкімет 2029-ға дейін көздеген көрсеткіштерге қол жеткізеді дегенге сенбейді көбі. Экономист Марат Қайырленовтың сөзінше, ресми статистика жалақының ай сайын өсіп жатқанын көрсетеді, алайды халықтың нақты табыс индикаторы соңғы 5 айда 11 пайыздан 13 пайызға дейін төмендеп кеткен. Сондықтан, бағдарламаның 100 пайыз нәтижелі болуы екіталай дейді.
"Әрине, үкімет қиялдағы әлемде өмір сүруін жалғастыра берсе де болады. Ол үшін көрсеткіштерді ойдан жазып, әдемі есеп дайындап қойса жеткілікті. Бірақ, халықтың нақты табысы төмендей беретін болса, мұның арты жақсылыққа апармайды. Екіншіден, Жалпы ішкі өнімге инвестицияны көбірек құю керек. Бұл өте маңызды индикатор. Әзірге жағдай мәз емес, Жалпы ішкі өнімге құйылған инвестиция көлемі соңғы 25 жылдағы ең төмен деңгейге түсті. Мұндай экономика жаңа жұмыс орындарын құрып, жалақыны арттырады дегенге сенбеймін", дейді Экономист Марат Қайырленов.
Бәлкім, бағдарламаны жүзеге асыру мерзімін 2029 дейін ұзартудың басты себебі де осы болар.
Үкімет 25-ші жылға жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізе алмайтынын түсінген сияқты. Алайда, мерзімді ұзартқаннан ештеңе өзгермейді дейді сарапшы. Үкімет болашаққа жұмыс істеуді қойып, халықтың табысын дәл қазір арттырудың жолын іздеуі тиіс. Бұл жерде бюджет көмектесе алмайды. Өйткені, оның тапшылығы 3 трилионнан асып кетті. Сондықтан, билікке бұл тығырықтан шығудың жолын іздеу керек.