Бұл жолы аталған ұйым өкілі Хазем Касем атысты тоқтату келісімінің екінші кезеңі жайындағы пікірін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ХАМАС ұзақ мерзімді бітімге келу және қоршаудағы анклавтан Израиль әскерін толық шығару үшін Газа секторында қалған барлық тұтқынды бірден босатуды ұсынып отыр.
– Біз тұрақты атысты тоқтатуға және Газа секторынан әскерлерді толықтай шығаруға әкелетін келісімге келу аясында тұтқын айырбастаудың екінші кезеңіне дайынбыз, – деді ХАМАС өкілі Хазем Касем.
Палестина тобы Израильдің қарусыздану және Газа секторынан шығу туралы үндеуін қабылдамады.
"ХАМАС-ты Газа секторынан ығыстыру – психологиялық соғыс" деген болатын Касем.
ХАМАС өкілі сонымен қатар, топтың келесі алмасуында, яғни 22 ақпанда босатылатын тұтқындар санын үштен алтыға дейін көбейту туралы шешіміне түсінік берді. Мұндай шешімді ХАМАС жетекшісі Халил әл-Хайя келісімнің екінші кезеңін тездету мақсатында жариялаған.
– Бостандыққа шығарылатын тұтқындар санын екі есеге арттыру келісімнің барлық шартын орындаудағы байсалдылығымызды дәлелдеу үшін жасалды, – деп қоса кетті Касем.
Бұған дейін ХАМАС Израильдің жылжымалы үйлер мен техника әкелуге рұқсат бермегенін, палестиналықтарға жасалған шабуылдарды алға тартып, "босатуды кейінге қалдырамыз" деп мәлімдеген еді.