Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің басшысы Төлеген Байгұловпен, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік қызметтер комитеті, "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ, "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ басшылығымен бірлесіп НұрСұлтан қаласының мамандандырылған ХҚКО қызметіне мониторинг жүргізді.
Мониторинг азаматтардың әлеуметтік желілердегі кезекті онлайн брондау салдарынан туындаған қиыншылықтарға және кезек талондарын сатудан ақша тапқан делдалдардың іс-әрекеттеріне шағымдануына байланысты басталған. Тұрғындарға карантин жағдайында тек қана egov.kz сайты пен Telegram-бот арқылы алдын ала жазылу қиындық тудырған.
Мониторингке қатысушылардың пікірінше, аталмыш мәселеге онлайн брондау жүйесінің толық жетілмегендігі себеп болып отыр. Бұл жағдайдан пайда көріп қалғысы келетіндер бірнеше кезекті бірден брондап, сатқан.
О. Бектеновтің айтуынша, қалыптасқан жағдай "тұрмыстық" жемқорлық алғышарттарының қалыптасуына әкеп соғып отыр. Осыған орай жауапты органдар қысқа мерзімде мәселені шешу үшін тиісті алгоритм әзірлеуі қажет.
Мониторинг қорытындылары бойынша Мамандандырылған ХҚКО-да кезекті брондау рәсімін оңтайландыру іс-шаралары ұсынылды. Енді келесі аптадан бастап кезекті брондау кезінде өтінім беруші өз ЖСН-ін көрсетуге тиіс болады. Сондай-ақ, автокөлікті тіркеу үшін Мамандандырылған ХҚКО-ға жүгінген кезде оларды жүйеде белгіленген уақытта бір қызметті алу үшін бекіту мақсатында сатушының немесе көлік иесінің (егер көлік сенімхат бойынша сатылса) және сатып алушының ЖСН көрсету қажет болады. Осылайша, делдалдар кезек алу және кейіннен оларды сату мүмкіндігінен айрылады.