Британия ханшайымы II Елизавета Лондон мен Брюссельдің Brexit-тен кейінгі қарым-қатынасы туралы заңға қол қойды. Бұл туралы жергілікті басылымдар хабарлады.
Яғни 2021 жылдың 1 қаңтарында Brexit пен өтпелі кезең аяқталып, Британия ЕО-ның бірыңғай нарығы мен кедендік одағынан шығады.
Еске сала кетсек, қос тараптың Brexit-ке қатысты талқылаулары 2017 жылдың 29 наурызында, ал келіссөздер сол жылдың 19 маусымында басталған еді. Ресми түрде Біріккен Корольдік Еуроодақтан 2020 жылдың 1 ақпанында шықты, бірақ 11 айға созылған өтпелі кезең бекітілген болатын.
2020 жылдың 24 желтоқсанында одақ пен Британия билігі Brexit-тен кейінгі серіктестік туралы келісім жасасқан еді. Тараптар өтпелі кезеңнің соңына дейін, яғни 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін ортақ мәмілеге келді. "Келісім жасалды. Бұл Брюссель мен Лондон арасындағы байланыстың үзілуіне жол бермейді. Қос тарап та ортақ нарыққа ене алады және құжат балық аулау шарттарын қамтамасыз етеді", – дейді Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен.
Оның айтуынша, Британия одақтан шыққанмен де, ЕО-ның серіктесі болып қалады.
Табиғат Нұрболат