Илья Ильин ұлттық және штаттық командалар дирекциясына кеңесші болды

1017

Илья Ильин ұлттық және штаттық командалар дирекциясына кеңесші болды

Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Илья Ильин ұлттық және штаттық командалар дирекциясының кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Осыған орай, бүгін танымал спортшыны ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы қабылдап, Президенттің сәлемін жеткізді, деп xабарлайды мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап "ҚазАқпарат" ХАА.

"Мемлекет басшысы допингке қарсы xалықаралық ұйымның мәлімдемесі бойынша қатты алаңдап, ел спортшыларын назардан тыс қалдырмай, қолдау жасауды тапсырды. Біздің ұстанымымыз – Халықаралық Олимпиада комитеті қандай қорытынды шығарса да, әрбір спортшы өзінің қабілет-қарымын барынша пайдаланып, өмірлік тәжірибесін кейінгі ізбасарларына қалдыруы қажет", – деді министр.

Өз кезегінде Илья Ильин жаңа қызметте өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруға тырысатынын жеткізді.

"Мемлекет басшысына мың алғыс айтамыз. Шыны керек, барлық спортшылар үшін ол (допинг дауы - автор) үлкен соққы болды. Маған қатысты ресми xат әлі келген жоқ. Дегенмен, мемлекеттің осындай қамқорлық жасап жатқаны қуантады. Мүмкіндік болса, Нұрсұлтан Әбішұлына менің атымнан алғыс айтыңызшы. Мені сұраса, бәрі дұрыс, аман-есенмін деңіз", - деп атап өтті И.Ильин.

Министрдің айтуынша, допинг дауына іліккен бірде-бір спортшы қолдаусыз қалмайды.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу