Индонезияның Сулавеси аралындағы жер сілкінісі мен Калимантандағы су тасқыны құрбандарының саны 96-ға дейін өсті, шамамен 70 мың адам үйін тастап қашуға мәжбүр болды. Бұл туралы жергілікті басылымдар хабарлады.
Бұған дейін зілзаладан 78 тұрғын қаза тапты деп хабарланған болатын.
Ресми дерек бойынша, Батыс Сулавеси провинциясында 81 адам 6,2 балдық жер сілкінісінен қайтыс болды, тағы 15 адам Оңтүстік Калимантан провинциясындағы су тасқыны салдарынан ажал құшты. 28 мыңға жуық адам Батыс Сулавеси провинциясы мен Маджене округіндегі эвакуация орталығына орналастырылған. 40 мың адам Оңтүстік Калимантан провинциясынағы қауіпсіз жерге көшірілді.
Жер дүмпуі 1150-ден астам ғимараттың, оның ішінде бес мектептің қирауына әкеліп соққан.
6,2 балдық жер сілкінісі 15 қаңтарда Батыс Сулавеси провинциясындағы Мамуджу қаласының жанында болды. Ел президенті Джоко Видодо апат құрбандарының отбасыларына көңіл айтып, жергілікті билік органдарына жедел әрекет етуді бұйырды.
Табиғат Нұрболат
Фото: dw.com