Жаңа Өңірлік стандарттар жүйесі бойынша елдімекендер республикалық және облыстық, сонымен қатар аудандық маңызы бар қалалар және аудан орталықтары, ауылдық округтердің орталықтары, тірек ауылдық елді мекендер және басқа да ауылдық елдімекендер сияқты 5 санат бойынша топтастырылған.
Оның сөзінше, жаңа ӨСЖ-ге сәйкес өңірлер бойынша орташа қамтамасыз етілу көрсеткіші келтірілген. Ол 2022 жылдың қорытындысы бойынша 55,7%-ға жеткен.
"Бұл ретте қосылған сапалық параметрлерді ескере отырып, жаңа ӨСЖ әдістемесі бойынша есептелген бұл көрсеткіш алдыңғысына қарағанда анағұрлым шындыққа жақын. Нысандармен және көрсетілетін қызметтермен барынша көп қамтамасыз етілу Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Павлодар, Маңғыстау және Алматы облыстарында байқалады. Ал, көрсеткіштің төмендеу деңгейі Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстарында тіркелген", - деді министр Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.
Еске салайық, осыған дейін жаңа ӨСЖ әдістемесінде нысанның техникалық сипаттамасы ескерілетінін айтқан болатынбыз.