Инноватор

2415

Топырақсыз өсімдік өсіріп, әлеуметтік желіге тәуелді жастарға тайм-менеджментті меңгертіп отыр.  

Инноватор

Екі мың жыл бұрын қолданылған гидропоника технологиясы деген не? Заманауи гаджетпен уақытты қалай басқаруға болады? Бұл сұрақтарға елімізде бұрын-соңды болмаған 2 инновациялық жобаны жүзеге асырып отырған инноватор Арман Тосқанбаев жауап берді.

– Ауыл шаруашылығы саласына инновациялық технология енгізу қажеттігі туралы ойымды ең әуелі әкеме жеткіздім. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігін де хабардар еттім. Әкем де, министрлік те бетімнен қаққан жоқ. Біз уақыт оздырмай, қолда бар қаржымен мал шаруашылығына жем дайындайтын инновациялық  жабдық әзірлеуге кірістік. 

"Жаңа жасыл технологиялар" атты компания құрып, гидропонды жабдық әзірлейтін цех аштық. 2014 жылы  "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы аясында 3 миллион теңге мемлекеттік грант ұтып алдық. Гидропоника технологиясы осыдан 2 мың жыл бұрын Мысырда қолданылған. Біз осы инновациялық технологияны Қазақстанға бейімдеп, қайта жасақтадық. Гидропоникалық құрылғыға 33 келі арпа немесе бидай егіледі. Іс барысында ешқандай субстрат қолданылмайды. 8-9 күннің ішінде 33 келі тұқымнан 165 келі жасыл шөп алынады. Гидропоника технологиясы арқылы мал шаруашылығын  жыл 12 ай үздіксіз шөппен қамтамасыз етіп отыруға болады. Инновациялық технологияны қолданысқа енгізу үшін арнайы жылыжай қажет емес. Ең бастысы температура  20-22 градустан түспеу керек. Гидропоника технологиясы өсімдіктерді топырақсыз, жасанды ортада, яғни қоректік заттардың судағы ерітіндісінде өсіруге  мүмкіндік береді. Жемдік шөп арнайы сөреде өседі. Оның құрамында табиғи шөптің бойындағы барлық дәрумен болады. Нарықта 1 келі құрама жемнің орташа бағасы 53 теңге, ал гидропоника технологиясымен өсірілген шөптің бір келісі 8-10 теңге. Ерекше атап көрсетерлігі, гидропоника технологиясымен өнім өндіруге жарық, су және тұқым ғана қажет. Бүгінге дейін біз мал шаруашылығымен айналысатын 30-дан астам қожалыққа гидропоника технологиясына негізделген инновациялық құрылғы орнаттық. Қолданысқа берілетін құрылғының құны 135 мың теңгені құрайды. Құрылғының  90%-ы Қазақстанда құрастырылады. Сондықтан оны отандық өнім деп атауға толық негіз бар. Гидропоника технологиясымен гүл, көкөніс сонымен қатар бұршақты дақыл да өсіруге болады. Біз серіктесім Диас Тастанбековпен бірге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті технопаркіндегі жылыжайда осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бұйыртса, нарыққа тағамға қосатын хош иісті шөп түрлерін шығарамыз. Израильде өсірілетін руккола деген шөптің 1 келісі Қазақстанда 3500 теңгеге сатылады. Тимьян, жалбыз деген тағамдық шөптер де бізге шет елден жеткізіледі. Керек десеңіз, Өзбекстанда бізге жоғарыда аты аталған шөптерді экспорттайды. Оларды қымбат бағаға алып, есемізді жібергенше, өзімізде өсіріп, қолжетімді бағаға сатқан және сатып алған тиімді ғой. Осы ой бізді алға жетеледі. Нәтижесінде біз өсімдікті топырақсыз өсіру технологиясына шындап кірістік. Тыңға түрен салатын технологияны  патенттеп те алдық. Жалпы алғанда,  гидропоника технологиясы  - озық инновация. Күні бүгінге дейін мұндай технология біздің елде болған емес, – деді инноватор.

Сөз арасында Арман Тосқанбаев бізге 24 сағатты қалай тиімді басқаруға болатынын баяндап, Microsoft Imagine стартап-байқауында үздік деп танылған "Ontime" жобасын таныстырды.

– Уақытты басқаратын инновациялық гаджет шығару туралы идеямды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері жүзеге асырды. "Ontime" жобасын дүниеге әкелуге бір ай уақыт жұмсалды. Ол Microsoft Imagine стартап-байқауында үздік деп танылып, Киев қаласында халықаралық деңгейде  таныстырылу құқығын жеңіп алды. "Ontime" тайм-менеджментке арналған гаджет. Ол адамға өз уақытын тиімді басқаруға көмектеседі. Қазіргі жастардың дені уақыттарын мақсатсыз жұмсайды, яғни жоғалтады. Өйткені олар әлеуметтік желіге тәуелді болып қалған. "Ontime" құрылғысы адамдарды өз уақытын тиісінше басқаруға  дағдыландырады. Гаджет адамның 24 сағат ішіндегі барлық әрекетінің статистикасын шығарып отырады. Нәтижесінде адам қай кезеңде уақытын зая кетіргенін біледі. Гаджетте помодора тәсілі қолданылады. Яғни  адам өз әрекетін өзі бақылайды. Мысалы, 25 минут тек қана бір шаруамен айналысады. Осы уақыт аралығында ол айналысып отырған шаруасын аяқтап, келесі іске көшуі тиіс. Уақыт шегіне жеткен кезде гаджет автоматты түрде белгі береді, – деді технологияның тілін тапқан жігіт.

Шынар Қанашева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу