Интернет-алаяқ павлодарлықтың шотындағы 40 млн теңгені қолды қылды

803

Бірақ ол әлі құрықталған жоқ.

Интернет-алаяқ павлодарлықтың шотындағы 40 млн теңгені қолды қылды

Павлодар облысында интернет арқылы адамдарды алдап, ақшасын қалтасына басу фактілері тыйылмай тұр. Жыл басынан бері тұрғындарды тақырға отырғызғандарға қатысты 180-нен астам қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Мысалы, өткен жылы Павлодар облысындағы тұрғындардың біріне бейтаныс телефон нөмірінен қоңырау түсіп, тұтқаның ар жағындағы адам өзін банктің қауіпсіздік қызметінің өкілі ретінде таныстарған. Шотта қанша қаржысы барын біліп алған алаяқ "Депозиттегі қаржыңыз кибершабуылдан жоғалып кетпес үшін біз айтқан қауіпсіз шотқа ақшаны аударыңыз" деп кеңес берген. Сөйтіп, танымайтын адамның нұсқауларын орындаған азамат 40 млн теңге ақшасынан айырылды. Полиция қызметкерлері банктің жалған қызметкері айтқан шот нөмірі украиналық қаржы ұйымдарына түскенін тапты. Яғни, павлодарлықтың қомақты сомасы сол ел тұрғынының қалтасына түсті. Бірақ нақты кім екені әзірше белгісіз. Облыстық полиция департаменті кибершабуылға қарсы күрес бөлімінің жедел уәкілі Аман Әубәкіровтің сөзінше, осындай қылмыстарға қатысты халықаралық деңгейде келісімшарттардың болмауы кінәлілерді табуда кедергі келтіреді.

Интернет-алаяқтар ойластыратын одан басқа да әрекеттер жетіп артылады.

"Көп жағдайда алаяқтар депозит, ағымдағы шоттар мен банк картасындағы  қаржыны шешіп алады. Әдетте бұл кезде олар 200 мың теңгеден 3 млн теңгеге дейінгі қаржыны қалтасына басады. Ал басқа адамның атына онлайн несие ресімдеу кезінде 20 мың мен 1 млн теңге аралығында берешекке батырады", - дейді Аман Әубәкіров.

Айта кетейік, Павлодар облысында жыл басынан бері интернет қылмыстарға қатысты 180-нен астам іс тіркелді. Оның 160-қа жуығы аяқталып, кінәлілер әр түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу