Иран президенті Масуд Пезешкиан Қатар СІМ басшысы Мұхаммед бен Абдеррахман Әл Танимен кездесуі барысында америкалық тараппен келісімге қол жеткізу шартын атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Риа Новости" агенттігіне сілтеме жасап.
"АҚШ-пен ядролық бағдарлама бойынша келісімге келуге болады. Алайда бұл үшін америкалық тарап өзінің шарттарын мәжбүрлеуді, Иранды қорқытуды тоқтатуы тиіс. Біз ешқандай жағдайда да күш көрсетуге бағынбаймыз", - деді Пезешкиан.
Жексенбі күні Иран президенті Оман Сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаидимен де кездесті. Келіссөздер барысында ол Оманның араағайындығымен Иран мен АҚШ арасында Таяу Шығыста тұрақтылықты қамтамасыз ететін әділ келісімге қол жеткізуге үмітті екенін жасырмады.
Бұған дейін АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф ABC News-ке берген сұхбатында Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіссөздерге қатысты пікір білдірген еді. Сөзінше, ықтимал келісім шарт бойынша Иран уранды 1%-ға да байыта алмайды.
2015 жылы Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция және Иран ядролық келісімге қол қойды. Бірақ АҚШ 2018 жылғы мамырда бұл келісімнен шығып кеткен болатын. Сол жылдары Ақ үйді Дональд Трамп басқарды, осылайша Вашингтон Тегеранға қарсы санкцияларды қайта бастады.
Айта кету керек, Иран мұнайын сатып алатындар АҚШ-тың санкциясына ілігуі мүмкін екенін жазған болатынбыз. Иран Трамппен келісімге келіп, ядролық қарудан бас тартуға дайын екені де белгілі болды. Тегеран жоғары байытылған уран өндірісінен бас тартуға дайын екенін білдірді.