АҚШ-тың Ирандағы ядролық нысандарға жасаған шабуылына байланысты Иранның БҰҰ жанындағы елшісі әрі тұрақты өкілі Амир Саид Иравани жексенбі күні БҰҰ Бас хатшысы мен Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасына ресми хат жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты IRNA-ға сілтеме жасап.
БҰҰ-ға жолдаған хатында Иранның тұрақты өкілі Амир Саид Иравани АҚШ-тың алдын ала жоспарланған агрессивті әрекеттерін қатаң айыптады.
Иран Ислам Республикасы ешқандай арандатушылық себепсіз жасалған бұл алдын ала жоспарланған агрессивті әрекеттерді қатаң түрде айыптайды.
– Бұл шабуылдар – 13 маусымда Израиль режимі Иранның бейбіт ядролық нысандарына жасаған ауқымды әскери операциясының жалғасы, – делінген мәтінде.
Иран өкілі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, бұл шабуылдарды барынша қатаң түрде айыптауды талап етіп отыр.
Айта кетейік, Таяу Шығыстағы кикілжіңге АҚШ қосылды. Сенбіден жексенбіге қараған түні Трамп Құрама Штаттар әуе күштерінің Иранның ядролық бағдарламасының үш нысанын "сәтті бомбалағанын" жариялады.