Америка Құрама Штаттары жексенбі күні таңертең Ирандағы үш нысанға шабуыл жасап, Израильдің соғысына қосылды.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйден жасаған халыққа үндеуінде Иранның негізгі ядролық нысандары "толығымен жойылды" деп мәлімдеді.
Иранның Атом Энергиясы Ұйымы болса, өзінің Фордо, Исфахан және Натанз алаңдарына шабуыл жасалғанын растады. Бірақ бұл агенттік ядролық бағдарламасының бәрібір тоқтамайтынын ескертті. Иран мен БҰҰ америкалық соққыдан кейін үш жерде радиоактивті ластану белгілерінің бірден байқалмағанын айтып отыр.
АҚШ одақтасы Израильмен бірге Иранға шабуылын жалғастыра ма, жоқ па? Бұл жағы әзірге белгісіз. Айта кетсек, Трамп Конгрестің рұқсатынсыз әрекет етті және де Америка президенті АҚШ күштеріне жауап қайтарылса, Тегеранға қосымша соққы беруге дайын екенін жариялап отыр.
Иран Құрама Штаттарға қалай жауап беруі мүмкін?
Ормуз бұғазын нысанаға алу
Ормұз бұғазы - Парсы шығанағының тар сағасы. Ол арқылы дүниежүзінде сатылатын мұнайдың шамамен 20%-ы өтеді және бұл бұғаздың ең тар бөлігінің ені - небары 33 шақырым. Ормуздың жабылуы мұнай бағасын бүкіл әлем бойынша шарықтатып, америкалықтардың да қалтасын қағуы мүмкін.
Иранның жылдам катерлар флоты мен мыңдаған теңіз миналары бар. Олар осы бұғазды, кем дегенде, біраз уақытқа бөгеуге қауқарлы. Сонымен қатар, Иран өзінің одақтастары, яғни, йемендік хуситтер Қызыл теңізде израильдік кемелерді шабуылдағандай, Парсы шығанағының ұзын жағалауынан зымыран жаудыра алады.
Жақын маңдағы Бахрейнде 5-ші флотын орналастырған АҚШ ұзақ уақыт бойы Ормұз бұғазында кемелер қатынасы еркіндігін сақтауға уәде берді. Бірақ осынау су жолындағы аз ғана атыстың өзі жүк тасымалына кедергі келтіріп, инвесторларды айтарлықтай қорқытуы мүмкін. Бұның нәтижесінде мұнай бағасы шарықтап, тараптарға атысты тоқтату туралы халықаралық қысым жасалуы мүмкін.
АҚШ аймақтағы базалары мен одақтастарына шабуыл жасау
АҚШ-тың бұл аймақта, соның ішінде Кувейттегі, Бахрейндегі, Катардағы және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі тұрақты базаларында ондаған мың жауынгер қызмет етіп жатыр. Олар Иранға Израильден әлдеқайда жақын орналасқан.
Бұл базалар Израиль сияқты күрделі әуе қорғанысы түрлерімен мақтана алады. Бірақ бұл елдерде зымырандық немесе дрондық шабуылдарды алдын-ала ескертуге уақыт аз. Тіпті бірнеше жүз шақырым қашықтықта орналасқан Израиль өзі ирандық ракеталардың бәрін тоқтата алмай жатыр.
Сондай-ақ Иран АҚШ соғысқа киліккені үшін аталған елдердегі негізгі мұнай және газ нысандарына шабуыл жасауды таңдауы ықтимал. 2019 жылы Сауд Арабиясындағы екі ірі мұнай алаңына пилотсыз аппараттар шабуыл жасалды Бұл соққыны хуситтер өз мойнына алғанымен, ол үшін Иранды кеңінен айыпталып, Саудияда мұнай өндірісі уақытша екі есеге қысқарғаны белгілі.
Аймақтық одақтастар
Таяу Шығыста Иранның "Қарсыласу осі" деп аталатын әскери жасақтар желісі бар. Ол 2023 жылғы 7 қазанда Газа секторында соғыс басталғаннан кейін Израильдің шабуылдарынан әлсірегенімен, соғысу мүмкіндіктерінен біржолата айрылған жоқ.
Израильдің Газадағы 20-айлық соғысы палестиналық "Хамас" пен "Исламдық жиһад" содырларының санын айтарлықтай азайтты. Сонымен қатар, Израиль өткен жылдың күзінде Ливанның "Хезболласын" талқандап, оның жоғарғы басшыларының көпшілігін өлтірді. Сондықтан, бұл ұйымдардың Иранға болысуы екіталай.
Бірақ АҚШ соғысқа кіріссе, Қызыл теңіздегі шабуылдарын қайта бастаймыз деп қорқытқан хуситтер мен Ирактағы одақтас жасақтарды Иран көмекке әлі де шақыра алады. Бұл екі топтың АҚШ пен оның одақтастарын нысанаға алатындай дрондық және зымырандық мүмкіндіктері әлі де баршылық.
Иран өзге жерлерде де шабуыл ұйымдастыруы мүмкін. Мысалы, 1990 жылдары Аргентинада еврей қауымдастығы орталығына қастандық жасалды. Сол үшін Иран мен "Хезболла" айыпталғаны мәлім.
Ядролық қаруға ұмтылыс
Иранның ядролық нысандарына АҚШ жасаған соққылардың толық әсері белгілі болғанға дейін бірнеше күн немесе апта өтуі мүмкін.
Бірақ сарапшылар АҚШ пен Израильдің бірлескен соққыларының өзі Иранның жаппай қырып-жоятын қару жасау қабілетін жоймай, кешіктіретінін бұрыннан бері ескертіп келеді. Себебі Иран өзінің атомдық объектілерін бүкіл ел бойынша бірнеше жерге орналастырған. Солардың ішінде жерастына жасырылған нысандар да бар.
Израиль мен АҚШ әскери ұшақтары төбеде айналып жүргенде, Иранға өзінің ядролық бағдарламасын жөндеу немесе қайта құру қиынға соғуы мүмкін. Бірақ Тегеран Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен ынтымақтастығын толығымен тоқтату және Ядролық қаруды таратпау туралы келісімнен бас тарту туралы шешімдер қабылдауы әбден мүмкін.
Солтүстік Корея 2003 жылы дәл осы келісімнен шыққанын жариялап, үш жылдан кейін ядролық қару сынады. Алайда, бұл мемлекет әуе шабуылдары қаупінен ада күйде өзінің атом бағдарламасын әзірлеуге еркіндік алды.
Иран ядролық бағдарламасының бейбіт мақсатты көздейтінін мәлімдеп келеді. АҚШ барлау агенттіктері мен МАГАТЭ Иранда 2003 жылдан бері ұйымдасқан әскери ядролық бағдарлама болмағанын растағаны белгілі.
Израильге келсек, ол - Таяу Шығыстағы жалғыз ядролық қаруы бар мемлекет саналады. Дегенмен, Израиль өзіндк мұндай арсенал барын не жоққа шығармады, не мойындамай отыр.