Павлодар облысы Железин ауданындағы "Пахарь" шаруа қожалығында ірі қара малдарды жоспарлы диагностикалық тексерістен өткізу кезінде бруцеллез анықталды. Шаруашылықтағы 131 бас ірі қара мал бірден санитарлық союға тапсырылды. Диагнозды растау үшін 75 сынама материал алынып, республикалық ветеринариялық зертхананың облыстық филиалына жіберілді. Зерттеу нәтижесінде тек бір сынама оң болып шықты.
Железин ауданының бас мемлекеттік мал дәрігерінің Қаулысына сәйкес, шаруа қожалығының жұмысына шектеу қойылды. Қазіргі уақытта республикалық эпизоотияға қарсы жасақ мамандары шаруашылықта тиісті дезинфекциялық шараларды жүргізіп жатыр. Ендігі ретте 15-20 күн сайын қалған ірі қаралардан сынамалар алынады. Қатарынан екі рет алынған сынамалардың қорытындылары басқа малдардың ауруға шалдықпағанын көрсеткен кезде ғана шектеу шаралары алынып тасталады.
Павлодар облыстық ветеринария басқармасының мәліметі бойынша, бруцеллездің ірі қара арасында одан әрі таралу, адамдарға жұғу қаупі жоқ.
Айта кетелік, "Пахарь" - облыстағы ірі шаруашылықтардың бірі. Мұнда 1200 басқа арналған тауарлы сүт фермасы бар. Бүгінгі таңда кәсіпорын жергілікті өңдеу орындарына күн сайын шамамен 25 тонна сүт жеткізеді.
Ажар Дәулетова