IV тоқсанда оқушылар қалай оқиды?

3270

Оқушылар ауырған жағдайда, науқаспен байланыста болғанда қашықтан білім алуға рұқсат беріледі.

IV тоқсанда оқушылар қалай оқиды?

Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова IV тоқсанда қазақстандық оқушылар қалай білім алатынын түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, III тоқсанда Қазақстан мектептерінде 2,3 млн оқушы (66%) дәстүрлі және аралас форматта білім алған, ал 1,1 млн оқушы (34%) қашықтан оқыған.

Вице-министр мектептердегі білім беру процесі еліміздің бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес жүргізілетінін атап өтті.

"IV тоқсанда тәуекелі төмен және орташа аймақтардағы (жасыл және сары аймақтар) мектептерде барлық оқушы аралас форматта оқуға көшеді. Ал 300 оқушысы бар мектептер жұмысын бұрынғыдай дәстүрлі форматта жалғастырады.

Қаулыға сәйкес, IV тоқсанда "1 оқушы – 1 кабинет" қағидаты сақталады, оқушылардың саны әр сыныпта 25-тен аспауы керек. Сабақ 40 минуттан болады", - деді Шолпан Каринова орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ ол оқушылар қандай жағдайда мектепке бармайтынын айтты.

"Оқушы ауырып қалса немесе науқаспен байланысты болғанда оған қашықтан білім алуға рұқсат беріледі. Бұл министрлік әзірлеген ұстанымында көрсетілген. Алайда санитарлық талаптар қатаң сақталуы керек", - деді вице-министр. 

Шолпан Каринова мектеп формасын сатып алудың керегі жоқ екенін атап өтті.

"Ата-аналарға айтарым бар. IV тоқсанда мектеп формасын сатып алудың керегі жоқ. Оқушылар өзіне қолайлы киімді киіп, мектепке бара алады. Оған рұқсат берілген", - деді министрдің орынбасары.

Сонымен қатар вице-министр мектептегі асханалар, мектеп интернаттар жұмыс істейтінін жеткізді.

"Олардың жұмысын жергілікті бас санитар дәрігерлер қадағалайды", - деп түйіндеді сөзін Шолпан Каринова.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу