Израиль елшілігі Flydubai рейсіндегі төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады

557

Елшілік әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.      

Израиль елшілігі Flydubai рейсіндегі төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады Фото: Jamal Awad

Израильдің Қазақстандағы елшілігі Flydubai әуе компаниясының FZ1073 рейсінде болған оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Израиль Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған Flydubai әуе компаниясының FZ1073 рейсінде болған ауыр террористік оқиғаны жіті бақылауда ұстап отыр. Израиль билігінің алғашқы бағалауына сәйкес, бұл әуе кемесін басып алып, оны қасақана құлатып, жолаушылар мен экипаж мүшелерін өлтіру мақсатында жасалған террористік шабуыл болды.

Қазіргі уақытта оқиға жиһадшыл сипаттағы террористік шабуыл жасау әрекеті ретінде тергеліп жатыр. Тергеу жалғасып жатыр. Қосымша ақпарат тек тексеріліп, расталғаннан кейін жарияланады", – делінген мәлімдемеде.

Ақпаратқа сәйкес, бортта негізінен Израиль азаматтары болған ұшақ бағытын өзгертіп, Сауд Арабиясының Табук қаласына аман-есен қонған. Барлық жолаушы мен экипаж мүшесі аман.

"Израиль шабуыл кезінде батыл әрекет етіп, кабинаға кіріп, шабуыл жасаған адамды залалсыздандыруға көмектескен израильдік жолаушылардың айрықша ерлігіне жоғары баға берді. Олардың жедел әрі батыл әрекеттері, сондай-ақ БАӘ азаматтары мен басқа да экипаж мүшелерінің кәсіби шеберлігі мен ерлігі ықтимал ауқымды қасіреттің алдын алып, борттағы барлық адамның өмірін сақтап қалды", – деп жазды елшілік.

Израиль тарапы бұл оқиғаны тек өз азаматтарына жасалған шабуыл емес, азаматтық авиацияға, БАӘ және Әмірліктер мен Израиль арасындағы нығайып келе жатқан берік қарым-қатынасқа қарсы әдейі жасалған шабуыл деп бағалаған.

Айта кету керек, бұған дейін Flydubai жолаушылары қалай әуе апатының алдын алғанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу