Алматы облысында пәтерден шығару кезінде кейуанаға дөрекілік танытқан полиция қызметкері жұмыстан босатылды. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бұл жағдайда қызметкер өз өкілеттігін асыра пайдаланған. Біріншіден, ол теріс себептермен жұмыстан босатылды. Ұрмаған, итеріп жіберген, бұл видеодан көрінеді. Бірақ қалай болған күнде де Қылмыстық кодекс аясында баға беріледі", – деді ІІМ басшысы.
Бұған дейін әлеуметтік желіде полицейдің әжейді пәтерден күшпен итеріп жатқаны бейнеленген видео тарады. Онда 77 жастағы әйелдің қабырғасына зақым келгені айтылған. Оқиға Алматы облысында болған. Полиция өкілдері сот шешімін орындау мақсатында барғаны белгілі болды.
Айта кету керек, бұған дейін жыл сайын полиция қатарына 6 мың қызметкер қабылданатынын жазғанбыз. ІІМ көңіл көтеру орындарында ішімдікті сату уақытын шектеуді ұсынды.