Қайрат Боранбаев ісі: прокуратура мен сотталушылар процестік келісім жасасты

381

Сотталушылар өз кінәсін толық мойындап, 14,5 млрд теңгенің залалын өтеген.

Қайрат Боранбаев ісі: прокуратура мен сотталушылар процестік келісім жасасты Фото: ФК "Қайрат"

Астана қаласының прокуратурасы Қайрат Боранбаев және басқа сотталушылармен "ҚазТрансГаз" АҚ-ның ақшалай қаражатын иемдену (ҚК 189-бабының 4-бөлігі) және оларды заңдастыруға (ҚК 218-бабының 3-бөлігі) қатысты ісі бойынша кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасады, деп жазады inbusiness.kz қалалық прокуратураның ресми сайтына сілтеме жасап.

Жәбірленуші тараптардың келісімімен құзырлы орган процестік келісім жасау туралы шешім қабылдады.

"Оның шарттары бойынша сотталушылар жасаған қылмыстарын мойындағандықтан Қ.Боранбаев пен Р.Нахановтың мүлкі тәркіленіп, әрқайсына 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын қолданса, ал Т.Жанұзақты 5 жыл бас бостандығынан айыра отырып,  үшеуі де мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасының тағайындалуымен келісті", - делінген хабарламада.

Прокуратура бұл жаза мөлшері Қылмыстық кодекстің 55-бабының 3-бөлігінің талаптарына сүйеніп айқындалғанын атап өтті. Оған сәйкес іс жүргізу келісімі жасалған жағдайда жазаның мерзімі мен мөлшері ҚК-нің ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделгеннен жоғары мерзімінің жартысынан аспауы тиіс.

"ҚК-нің 189 және 218-баптары бойынша ең жоғары жаза 12 жылдан аспайтынын ескере отырып, сотталушыларға тиісінше 6 және 5 жылдан  бас бостандығынан айыру жазасын (ең жоғары мерзімнің жартысынан аспайтын) тағайындау ұсынылды", - деп хабарлады қалалық прокуратура.

Процестік келісім сотқа жолданды.

Айта кету керек, осыған дейін Қайрат Боранбаевтың мемлекетке 90 млрд теңгенің мүлкін қайтарғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу