Polisia.kz сайтының жазуынша, олар бүгін "Копенгаген" футбол клубы мен Дания ұлттық құрамасының "үйі" болып табылатын "Паркен" стадионында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін зерделеуге кірісті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аталған жұмыс ірі спорттық нысандарда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету тәжірибесімен алмасу мақсатында жүргізілуде.
Айта кетейік, "Паркен" стадионы 38065 көрерменге арналған, ал концерттер кезінде оның сыйымдылығы 55 мың адамға дейін көбейеді.
Нысанда шамамен 40 жеке кіру аймағы қарастырылған, бұл келушілер ағынын тиімді бөлуге және бақылау нүктелеріндегі жүктемені азайтуға мүмкіндік сыйлайды.
– Біз алматылықтарға видеокүнделік жүргізуді уәде еткенбіз және бүгін жұмысты негізгі нысанды зерттеуден бастадық. Кіру-шығу жолдарының ұйымдастырылуын, эвакуация бағыттарын, қауіпсіздік қызметтерінің өзара әрекеттесуін мұқият қарап шықтық. Алматыда қолдануға болатын тиімді шешімдер бар. Тәжірибе алмасу – біздің жұмысымыздың маңызды бөлігі. Негізгі міндет – заң мен тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың қауіпсіздігі және бұқаралық іс-шараларды жоғары стандартта өткізу, – деді Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Дәурен Майлықбаев.
Бірінші күні алматылық полицейлер жанкүйерлер қозғалысының схемаларын, турникеттердің жұмысын, навигация жүйесін, персоналды орналастыру тәсілдерін және нысанда қолданылатын техникалық шешімдерді жан-жақты зерделеген.
Ал жанкүйерлерге уәде етілген видеокүнделік кезең-кезеңімен жарияланбақ.
Бұған дейін "Қайрат" пен "Копенгаген" бүгін кездесетінін жаздық.