Алматыда өтетін "Қайрат" – "Реал Мадрид" матчын тамашалау үшін 26-29 қыркүйек аралығында 5 мыңнан астам шетелдік қонақ келді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Әкімдік дерегінше, Қазақстанның өзге өңірлерінен келген жанкүйерлермен бірге жалпы көрермен саны 10 мың адамға жеткен.
"Негізгі туристер легі Қытай, Үндістан, Ресей, Қазақстанның басқа облыстарынан, сондай-ақ Жапония, Ұлыбритания, Испания, Чехия, ТМД және өзге де Еуропа мемлекеттерінен келген", – делінген әкімдік хабарламасында.
Әкімдік матчтың экономикалық әсері айтарлықтай жоғары болатынын болжап отыр.
Mastercard компаниясының мәліметінше, Алматыға келген шетелдік туристің орташа шығыны шамамен 1500 АҚШ долларына жетеді. Бұл қаржыға қонақ үйде тұру, тамақтану, көлік, ойын-сауық пен сауда кіреді.
Мұндай шығындар шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, қызмет көрсету саласын жандандырады әрі қала экономикасына мультипликативті әсер етеді деп күтіліп отыр.