ҚР Парламент Сенатының жаңа мүшесі сайланды, деп хабарлайды inbusiness.kz ОСК-ға сілтеме жасап.
Бүгін, 2 маусымда СҚО-да қайтыс болған сенатор Гүлмира Кәрімованың орнына Парламент Сенатының депутаттығына сайлау өтті.
Сенат депутатын таңдаушылар - мәслихаттардың депутаттары болып табылатын республика азаматтары жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайлайды. Облыс бойынша таңдаушылар тізіміне мәслихаттардың 193 депутаты енгізілген.
Парламент Сенатының депутаттығына облыстан екі үміткер болды. Дауыс беру нәтижесінде облыстағы Amanat филиалының төрағасы Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысынан сенатор болып сайланды. Ол сайлаушылардың 74,4 пайыз дауысын алды.
Облыстан сенаторлыққа екінші үміткер ретінде Солтүстік Қазақстан облысының дін істері басқармасының басшысы Рауза Қасенова қатысқан.