Қамаудағы депутат әрі блогер Қайрат Құдайбергеннен коронавирус анықталды

918

Үш күн бойы оған ішек инфекциясы бойынша ем тағайындалған.

Қамаудағы депутат әрі блогер Қайрат Құдайбергеннен коронавирус анықталды

Қамаудағы Алматы мәслихатының депутаты, блогер Қайрат Құдайбергеннен "Омикрон" коронавирустық инфекциясы анықталды. Бұл туралы оның қорғаушысы Әсентай Ақаев фейсбук желісінде хабарлады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"2022 жылдың 18 шілдесінен бастап клиентіміз Қайрат Құдайбергеннен коронавирус инфекциясының барлық белгісі: жоғары температура, ағзаның әлсіреуі, иіс сезу қабілетінің жоғалуы байқалатынын айтып дабыл қақтық. Айтсақ сенбейсіз, сонда ешкім оның денсаулығын тексеруге, қарапайым тест жасауға асықпады. Сол күні бас прокуратураға шағым жолданды, бірақ Қайраттың денсаулық жағдайы ешкімді мазаламады, ешқандай реакция болған жоқ", – деп жазады адвокат.

Оның айтуынша, өздерінің шағымымен тергеу судьясы қадағалаушы прокурорға тексеру жүргізуді міндеттегеннен кейін қозғалыс байқалған.

"Алғашында бізге оның бойында ішек инфекциясы бар екенін, ем тағайындалғанын айтқан. Алайда бүгін таңертең Қайратта "Омикрон" коронавирустық инфекциясы анықталғанын хабарлады. Үш күн бойы оған ішек инфекциясы бойынша ем тағайындады, емдей алмас та еді, тіпті ойлаудың өзі қорқынышты", – деді адвокат. 

Адвокатының хабарлауынша, қазір тергеу соты оны қамауда ұстау мерзімін ұзарту туралы сотқа дейінгі тергеу органының өтінішін қанағаттандырып, прокурорды тиісті медициналық бақылауды қамтамасыз етуге міндеттеді. Прокурорлардың не істейтіні әлі белгісіз. 

"Әрине, біз тергеу сотының қаулысына апелляциялық шағым береміз, өйткені ауруы өте қауіпті деп санаймыз және біздің клиентімізге медициналық мекеме жағдайында көмек көрсетуі керек", – деп санайды қорғаушы.

Айта кетейік, Қайрат Құдайбергенге қаңтар оқиғасына байланысты "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру және қатысу" (272-бап, 1,2-бөлігі) бабы бойынша айып тағылып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ол ел ішінде "Дикий Арман" деп аталып кеткен Арман Жұмагелдиевтің жанында болған делінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу