Қанша ауылда интернет сапасы төмен?

1182

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин елде интернет сапасы төмен қанша ауыл барын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қанша ауылда интернет сапасы төмен?

"Бүгінде 5 163 ауыл мен қалаларда интернет бар. Алайда 768 ауылда интернет сапасы өте төмен. Неге бұл мәселе бұрын көтерілмеді? Себебі осыған дейін интернетті таратудың ең төменгі параметрлері белгіленбеген еді. Мен бұйрық беріп, осы жылдың басында ең төменгі деңгейдегі параметрлерді белгіледім. Ол 3G интернеті үшін 1,5 мегабит, 4G үшін 5 мегабит болды", – деді министр ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, енді интернет сапасы жоғарыда аталған параметр негізінде тексеріледі.

"Осыған дейін 3G интернеті бар-жоғына тексеріс жүргізіп келдік... Алдағы уақытта белгіленген параметрлердің талапқа сай болуын қадағалаймыз. Биыл 400-ден аса тексеріс жүргіздік. Нәтижесінде 80% жағдайда интернеттің сапасы параметрлерге сәйкес келмейтінін анықтадық, әрі мобильді операторларға айыппұл салдық. Алдағы уақытта олар аталған мәселені шешпесе, айыппұлдың мөлшері 2 есе өседі. Сондай-ақ 2019-2020 жылдары тексерістің саны 100-ге жетпеген еді", – деді Бағдат Мусин.

Сондай-ақ ол алдағы уақытта интернеттің сапасы төмен болса, мобильді операторларға қомақты көлемде айыппұл салынатынын жеткізді.

"Депутаттармен бірігіп, айыппұлды 100 АЕК-тен (297 100 теңге) 1 000 АЕК-ке (2 917 000 теңге) көтеріп жатырмыз. Биыл оларға тексеріс барысында 92 млн теңге айыппұл салынса, алдағы уақытта ол 1 млрд теңгеге жетуі ықтимал. Бұл – қомақты сома. Сондықтан мобильді операторлар интернеттің сапасын арттыру үшін тиісті жұмысты жүргізеді деген үміттемін", – деді ведомство басшысы.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу