Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметіне Нұрсұлтан Жиенбаев тағайындалды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Жаңа лауазымда Нұрсұлтан Жиенбаев өңірде энергетика, ТКШ және ТЖ мәселелеріне жетекшілік ететін болады.
Еске сала кетейік, облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды қаласының әкімі болып тағайындалған еді.
Нұрсұлтан Жиенбаев 1981 жылы дүниеге келген, екі жоғары білімі бар. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін "Халықаралық құқық" мамандығы бойынша бітірген, Сколково Мәскеу басқару мектебін - "Іскерлік басқару шебері" мамандығы бойынша бітірген.
Массачусетс технологиялық институтының "Заттар интернеті: бизнес модельдері мен мүмкіндіктері" бағдарламасының және Саид бизнес-мектебінің "Блокчейн стратегиясы" бағдарламасының сертификатталған маманы.
Еңбек жолын "Қазақгаз" Республикалық компаниясы" ААҚ клиринг департаментінің келісім-шарттар жөніндегі менеджері болып бастады. Мемлекеттік сатып алу жөніндегі агенттікте, "Азық-түлік келісім шарт корпорациясы" АҚ-да жұмыс істеді.
Бизнес-құрылымдарда үлкен жұмыс тәжірибесі бар. "Kazakh Invest ҰК" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болды. 2017 жылғы қыркүйектен бастап қазіргі уақытқа дейін ТКШ жаңғырту және дамыту қазақстандық орталығының басқарма төрағасы болып жұмыс істеді.
Үйленген, төрт бала тәрбиелеп отыр.