Қарағанды облысында 27 госпиталь қызметін уақытша тоқтатты

427

Індеттің екінші толқыны бастала қалса, бұл нысандар қызметін қайта жандандырады.

Қарағанды облысында 27 госпиталь қызметін уақытша тоқтатты

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек сәуір-маусым аралығында коронавирус инфекциясын емдеу үшін облыс аумағында 44 емхана жұмысының ұйымдастырылғанын айта отырып, бүгінгі күні эпидемиологиялық ахуалдың жақсарғанына байланысты, бірқатар госпиталь қызметін тоқтататынын мәлім етті.

"Қазіргі кезде облыс емханаларында төсек-орын қорының жүктемесі 16%-ға дейін азайды. Бұл республикалық деңгейден 10%-ға төмен. Соңғы екі аптада дәрігерлер науқастарды жоспарлы емдеуді қолға алды. Науқастану деңгейінің төмендеуі 27 госпитальдің қызметін уақытша тоқтата тұруға мүмкіндік берді. Бұл нысандар індеттің екінші толқыны бастала қалған жағдайда қызметін қайта жандандыратын болады. Бүгін тағы екі емхананың емделушілері жазылып шыққаннан кейін қызметін тоқтатады. Осынау қиын-қыстау кезеңде медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларына ерекше назар аудардық. Пневмониямен күресуге  қатысқан денсаулық сақтау қызметкерлерінің 100%-ы ынталандыру үстеме ақысын алды", – деді облыс әкімі.

Жеңіс Қасымбектің сөзінше, күз-қыс кезінде COVID-19 індетінің екінші толқыны бастала қалған жағдайда, онымен дереу күресу үшін өңірде дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Қазан айына дейін Абай, Балқаш, Теміртау, Шахтинск қалаларында жұқпалы аурулар ауруханаларын қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары аяқталады. Жезқазған қаласында 200 төсек-орындық инфекциялық аурухананың құрылысы басталды. Бұл нысанды қазан айында табыстауға уәде етуде. Ауруханаларды заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандыру жалғасуда. Қазір 192 өкпені жасанды желдету аппараты, 1500 оттегі концентраторы және 645 импульстік оксиметр қолымызда бар. Қазан айына дейін тағы 500 оттегі концентраторы, 1500 импульстік оксиметр, 151 өкпені жасанды желдету аппараты жеткізіледі. Ал 24 учаскеде орталықтандырылған медициналық газбен жабдықтау жүйесі орнатылды. 17 компьютерлік томография кабинеті жұмыс істеп тұр, ал тағы бесеуі қазан айына дейін орнатылады. Сонымен қатар, заманауи 40 цифрлық рентген аппаратын да сатып аламыз", – деді ол.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу