Қарағанды облысында 3 жүргізуші көктайғақта дрифт жасаған

255

Сот шешімімен оларға айыппұл салынды.

Қарағанды облысында 3 жүргізуші көктайғақта дрифт жасаған Фото: polisia.kz

Қарағанды облысында ауа райының күрт өзгеріп, қар аралас жаңбыр жаууына байланысты полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігін бақылауды күшейтті. Әсіресе тайғақ жолда қауіпті маневр жасап, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзатын жүргізушілерге ерекше назар аударылуда, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазіргі уақытта патрульдік полиция батальонының қызметкерлері республикалық маңызы бар жолдарда тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

– Ауа райының қолайсыздығына байланысты қызметті күшейтілген режимде атқарып жатырмыз. Жолдың кейбір учаскелері құрғақ болғанымен, жекелеген бөліктерінде жауын-шашын салдарынан көктайғақ пайда болған. Осыған байланысты жүргізушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Әсіресе жазғы дөңгелекпен жолға шыққан көліктерге ерекше назар аударып отырмыз. Мұндай жағдайда жазғы дөңгелекпен жүру өте қауіпті, – деді Қарағанды облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов.

Қабылданып жатқан шаралар аясында полиция қызметкерлері Қарағандыдан Алматы бағытына қарай бет алған, жазғы дөңгелекпен жүрген 30-дан астам автокөлікті тоқтатып, жүргізушілерін кері қайтарды. 

Сонымен қатар патрульдік полиция қызметкерлері аумақтық полиция бөлімшелерімен бірлесіп, елді мекендердегі жол қозғалысын да бақылауда ұстап отыр.

Мәселен, Абай ауданына қарасты Топар кентінде ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жолда дрифт жасап, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған үш автокөлік анықталды.

BMW және Volkswagen маркалы көліктерді басқарған 18 бен 21 жас аралығындағы үш жүргізушіге қатысты ұсақ бұзақылық және маневр жасау қағидаларын бұзу деректері бойынша заң аясында шара қабылданды. Сот шешімімен оларға айыппұл салынды.

Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері республикалық маңызы бар автожолдарға 23 тексеру жүргізді. Нәтижесінде жолдарды күтіп-ұстауға жауапты мекемелерге 16 ұйғарым беріліп, өз міндеттерін тиісінше орындамаған бес мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция жүргізушілерді ауа райының қолайсыздығын ескеріп, жылдамдықты төмендетуге, қауіпсіз арақашықтықты сақтауға және көлік дөңгелектерінің маусымға сай болуына шақырады. Сондай-ақ жол үстінде қауіпті маневрлер жасауға жол бермеу қажеттігін ескертеді.

Жолдағы қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік. Әрбір жүргізушінің тәртіп сақтауы өз өмірі мен өзгенің өмірін қорғауға тікелей әсер етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу