Қарағанды облысында бруцеллез жұқтыру өршіп тұр

473

Биыл Қарағанды облысы тұрғындары арасында бруцеллездің алғаш анықталған 19 жағдайы тіркелді

Қарағанды облысында бруцеллез жұқтыру өршіп тұр

Бруцеллез жағдайлары биыл Қарағанды, Саран, Шахтинск қалаларында, Абай, Бұқар Жырау, Қарқаралы, Нұра аудандарында тіркелді. Шет, Абай, Ақтоғай, Нұра және Бұқар Жырау аудандарында адам үшін бруцеллез қоздырғышының негізгі көзі болып табылатын ірі және ұсақ мал арасында бруцеллез жұқтырған ауыл шаруашылығы жануарлары 2022 жылмен салыстырғанда 337 басқа артық.

"Эпидемиологиялық тексеру барысында адамдардың 61,8% бруцеллезді сүт пен сүт өнімдерін термиялық өңдеусіз тағамға пайдаланудан жұқтыратыны, оны жеке тұлғалардан сатып алатыны, 38,2% жағдайда жеке мал иелерінің мал ұстау кезінде санитариялық-гигиеналық нормалар мен ережелерді бұзатыны, жануарларды уақтылы зертханалық тексермейтіні анықталды. Сыртқы ортадан алынған сынамада бруцеллез қоздырғыштары сүт өнімдерінің 13,2%-ынан, жемнің 25%-нан табылды. Бұл анықталған оң нәтижелер микробтардың сыртқы ортаға таралуын көрсетеді және өз кезегінде бұл инфекцияның берілу факторлары болуы мүмкін", - деп мәлімдеді Қарағанды облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлжан Байғұтанова.

Бруцеллез - жұқтырған жануарлармен байланыста болған кезде жануарлардан адамға берілетін зоонозды инфекция.

Инфекцияның қоздырғыштары - бактериялар (бруцеллалар), адам үшін патогенді микроорганизмдер. Бруцеллездің инкубациялық кезеңі 7 күн - 8 апта, көбіне 2 апта.

Адамда бруцеллез белгілері, әдетте, біртіндеп дамиды және ерекше сипаттамаларға ие емес.

Науқастар көбіне әлсіздік, тәбеттің төмендеуі, бас ауруы және тез шаршау симптомдарына шағымданады.

Емделмеген жағдайда ауру күшейеді, науқастың дене температурасы 38-39 градусқа дейін көтеріледі, қол мен аяқта шаншу, бел ауруы, түнге қарай терлеу, ұйқысыздық, көбінде мойын және қолтық астында лимфа түйіні пайда болады, көлемі аздап ұлғаяды және ұстағанда ауырады.

Дәрігерлерге жүгінбей өзін-өзі емдеу кезінде ауру созылмалы түрге ауысып кетуі әбден мүмкін.

Инфекцияның негізгі көзі - төрт түлік, негізінен ұсақ және ірі қара мал. Жылқылар, шошқалар, түйелер, иттер де ауырады.

Патогендер адам ағзасына тері арқылы немесе шырышты қабық арқылы енеді, әсіресе ластанған жануарлардан алынатын тағамдарды (сүт, ірімшік, ет) шикі немесе термиялық өңделмеген, ауру жануарларға күтім жасау кезінде, төлдеу кезінде, ауру жануарды, оның өлекселерін сою кезінде және т. б.

Сонымен қатар ауылдық жерлерде оның көзі отын ретінде пайдаланылатын көң болуы да мүмкін. Адам ауру кезінде айналасындағылар үшін жұқпалы емес.

Алдын алу шаралары:

  • ауылшаруашылық өнімдерін ветеринарлық бақылау бар дүкендерден немесе базарлардан сатып алған дұрыс;
  • өнімдерді термиялық өңдеу өте маңызды: етті мұқият қуырып, сүтті қайнату керек;
  • ауыл шаруашылығы жануарларын күту, ұстау кезінде гигиенаны сақтау, қолды сабынмен жуу, әсіресе ауру жануарлармен байланыста болған кезде қорғаныш құралдарын (қолғаптарды) пайдалану;
  • жеке гигиена ережелерін қатаң сақтау.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу