Қарағанды облысында ғылыми-зерттеу жобаларының байқауы өтті

486

Табиғи газды қалай тиімді пайдалану керек, тіс пастасының сапасы неге байланысты, қарағаштар қалалық жағдайда қалай өмір сүреді – Қарағанды облысының жас тұрғындары зерттеу жобаларының байқауына қатысты. Іс-шара "Экология және балалар – 2022" ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz әкімнің сайтына сілтеме жасап.

Қарағанды облысында ғылыми-зерттеу жобаларының байқауы өтті

Биыл байқауға 100-ге жуық жоба ұсынылды. Финалға олардың 63-і шықты. Байқауға мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілері, оқушылар мен педагогтар қатысты. Жобалардың көпшілігі қоқыс мәселелеріне арналды: қоқысты жинау, сұрыптау, кәдеге жарату, қоршаған ортаға әсері. Екінші ең танымал тақырып – ауаның ластануы болды.

Ата-аналар мен тәрбиешілердің басшылығымен балалар өздерінің айналасындағы шындықты қарапайым және түсінікті мысалдармен зерттеді. Мысалы, Шахтинск қаласының "Қарлығаш" балабақшасының жобалары картоптың құрамына және пластик пакеттің ыдырауына арналды.

Оқушылар зерттеу үшін күрделі тақырыптар алды. Нұра ауданы Нұра кентінің М. Жұмабаев атындағы мектебінің оқушылары адам суға қаншалықты зиянды әсер ететінін білуге шешім қабылдады. Балалар Нұра мен Құндызды өзендерінен сынамалар алып, су құрамын өз бетінше зерттеді.

Ал Шахан кентіндегі № 2 жалпы білім беретін мектептің алтыншы сынып оқушылары Дамир Хамигалиев пен Ярослав Трегубовтың ойына пластикалық қақпақтарды түсі бойынша сұрыптайтын робот ойлап табу идеясы келді.

Әзірге ақылды машина тек екі түсті – көк және қызыл түске боялған қақпақтарды сұрыптай алады. Болашақта көбірек түстерді танитын сенсор қою мүмкіндігі бар. Оқушылардың жұмысы қазылар алқасының қызығушылығын тудырды, Дамир мен Ярослав өз жас санатында жеңімпаз атанды.

– Біздің мектептің оқушылары "Котокафе" мен "Радость" дүкенін іске қосқан "Қақпақ" жобасына бұрыннан қатысып келеді. Қақпақтарды қайта өңдеуге тапсырудан түскен ақша қайырымдылық мақсаттарға жұмсалады, – дейді № 2 мектептің биология және жаратылыстану пәнінің мұғалімі Ирина Москвичева. – Сонымен қатар, мен сабақтарда және "Экология" үйірмесінің сабақтарында қоқысты бөлек жинау туралы көп айтамын. Біз қайта өңдеу технологиясын зерттеген кезде дәрістің бірі түстер мен материалдар бойынша сұрыптау болды. Бұл жобаның бастапқы нүктесіне айналды десек те болады. Мен теориялық бөлімге көмектестім. Роботты балалар робототехника үйірмесінің жетекшісі Юлиана Путятинамен бірге құрды.

Педагогтар конкурсқа алты жобамен шықты. Олардың алуан түрлілігіне байланысты барлық мұғалімдерді ынталандыру туралы шешім қабылданды. Ұйымдастырушылар Қарағанды қаласының № 5 қосымша білім беру мектеп-орталығының биологы Людмила Бушманды ерекше атап өтті. Мұғалім 30 жылдан бері осы мектепте экологиялық қозғалысты басқарып келеді.

"Экология және балалар" конференциясы 1995 жылдан бері өткізіліп келеді. Оған Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы 20 жылдан астам уақыт бойы қолдау көрсетіп келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу