Қарағанды облысында қар мен көктайғақ салдарынан бір тәулік ішінде 50 жол-көлік оқиғасы тіркелді деп хабарлайды inbusiness.kz.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Қарағанды облысында кеше жауған көктайғақ пен таңғы қар салдарынан қаланың іші-сыртында бірнеше жол-көлік оқиғалары тіркелген. Тек тәулік ішінде қала орталығында 50 жол-көлік оқиғасы болып, 17 адам әртүрлі жарақат алған.
"Қарағанды-Қарқаралы тас жолындағы тайғақ салдарынан екі жол-көлік оқиғасы тіркелді. Мәселен, сағат 09.50 шамасында аталған тас жолдың 195-шақырымында Ravon Nexia автокөлігінің 50 жастағы жүргізушісі алдын ала болжам бойынша жолдың қарсы бағытына шығып, КамАЗ жүк көлігімен соқтығысқан. Салдарынан Ravon Nexia автокөлігінің жүргізушісі ауруханаға жеткізілді, аталған көліктің 61 жастағы жолаушысы алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмды. Сағат 18.26 шамасында Шешенқара-Ащысу тас жолында Lexus және Volkswagen Passat көліктерінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Жол апаты салдарынан 62 жастағы Volkswagen Passat автокөлігінің жүргізушісі оқиға орынында қайтыс болды", – деп хабарлады Қарағанды облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Зәрубаев.
Барлық фактілер полицияда тіркеліп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
"Ауа райының тұрақсыздығынан, сондай-ақ жолдың тайғақ болуына байланысты жүргізушілерден жылдамдық режимін асырмай, қарапайым жол жүру ережесін қатаң сақтауды сұраймыз. Сонымен қатар жаяу жүргіншілердің назарына жол өткелдерінен өту кезінде сақтық шараларын сақтап, белгіленбеген жолдан өтпеулеріне баса назар аударуын ескертемін", – деді Қуаныш Зәрубаев.