Қарағанды облысында "Тегін такси" жобасы қолға алынады

1065

Қарағанды облысында ардагерлерге, жалғызбасты қарияларға және көпбалалы отбасыларға арналған тегін такси пайда болады.

Қарағанды облысында "Тегін такси" жобасы қолға алынады

"Saryarqa jastary" облыстық волонтерлік штабында өңір басшысы Жеңіс Қасымбекпен болған кездесуде белсенділер облыстағы еріктілер жылы қандай игі істерге толы болатынын талқылады.

"Облыстың барлық қалалары мен аудандарында еріктілерді қолдау орталықтары ашылуда. Міндет – еріктілер қозғалысына барынша көп адамдарды тарту. "Асыл мұра" жобасы аясында еріктілер тарих және мәдениет ескерткіштерін қалпына келтіруге көмектесетін болады. Тағы бір ауқымды жоба – "Мейірім" жобасы, оның мақсаты – балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қоғамдағы бейімделуге, болашақ мамандығын таңдауға көмек көрсету. Волонтерлік ұйымдар "SJ" акциясын іске қосады", – деді Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Нұржан Жетпісбаев.

Нұржан Жетпісбаев "Тегін такси" жобасын ұсынды. Оның айтуынша, аталмыш шараға қатысуға бірнеше таксопарктер келісім берген. Волонтерлер штаб құрып, қала бойынша жүріп-тұруы қиын адамдардан өтініш қабылдайтын болады. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, жалғызбасты қарт адамдар, сондай-ақ көпбалалы отбасылар тегін көліктерді пайдалана алады.

Облыс әкімі еріктілер қозғалысын кеңейтіп, жаңа азаматтық бастамаларды ұсынуға шақырды.

"Мемлекет басшысы айтқандай, еріктілер сенбіліктермен және бір жолғы челлендждермен шектелмейді. Еріктілік – бұл патриотизмнің жоғары көрінісі. Альтруизм – өмірлік қағидаттардың бірі. Және игі істерде жүйесіздік болмауға тиіс. Біз бәріміз бірге өмірімізді жақсартамыз", – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Өңір басшысы еріктілердің облыстық іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру жөнінде тапсырма берді. Волонтерлерге көмек ретінде аймақтық ресурстық орталық ашылады, шеберлік сабақтары, тренингтер мен оқыту семинарларын ұйымдастырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу