Балқаш қаласының маңында теміржол өткелінде жүк пойызы мен жол талғамайтын көлік соқтығысты. Оқиға салдарынан екі ер адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
17 желтоқсан күні Балқаш қаласынан 37 шақырым қашықтықта "Балқаш-Саяқ" бағытындағы теміржол тармағының шлагбауммен жабдықталмаған өткелінде автокөлік пен жүк пойызы соқтығысты. "Балқаш-Саяқ" бағытындағы жүк пойызымен соқтығысқан "Тойота Прадоның" рөлінде Балқаш қаласының 56 жастағы тұрғыны болған.
Көлік жүргізушісі мен 33 жастағы жолаушысы алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмса, тағы бір 47 жастағы жолаушысы әртүрлі жарақатпен медициналық мекемеге жеткізілген.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі "Абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан Жол қозғалысы ережелерін бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, тиісті сараптамалар тағайындалды.
Сотқа дейінгі тергеу барысында істің барлық мән-жайы анықталатын болады.