Қарағанды облысындағы кейбір қалалардың көшелерінде бейнебақылау камералары көбейеді. Бұл туралы облыс әкімі Жеңіс Қасымбек халықпен есептік кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Сәтпаев, Саран және Осакаровка кентінде қосымша түрде осындай төрт мыңнан астам құрылғы орнатылады. Өңірде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында "Қауіпсіз қала" жобасын енгізуге кірісуде.
"Қауіпсіз қала" жобасы әзірленді. Оны комиссия бекітті. Жеке инвестор есебінен 4290 бейнебақылау камерасы орнатылады. Басқа қалалардың тәжірибесі бейнебақылау жүйесі қылмысты ізін суытпай ашуға ғана емес, олардың алдын алуға да мүмкіндік беретінін көрсетуде. Сондықтан бұл жұмыс жалғасын табады", - деді өңір басшысы.
Жеңіс Қасымбек сонымен қатар көшені жарықтандыру мәселесіне назар аударды. Бүгін облыс орталығында 600-ден астам көшеде шамдар орнату қажет. Бұл мәселе жергілікті өндірушілерді тарта отырып, МЖӘ қағидаты бойынша шешілетін болады. Биылғы жылы 136 көше жарықтандырылады, ал келесі екі жылда қалған көшелерде шамдар орнату жоспарланып отыр.
Сондай-ақ облыс әкімі қарағандылықтарды Senim 109 сервисін пайдалануға шақырды. Бірыңғай үйлестіру орталығы өткен жылы іске қосылды. Жүйеге Қарағанды қаласының 60-тан астам мемлекеттік және коммуналдық мекемелері қосылған. Қала тұрғындары бұл нөмірге ТКШ және абаттандыру мәселелері бойынша, сондай-ақ шұғыл жағдайларда хабарласа алады.
"Сіздердің өтініштеріңіздің арқасында біз жауапты кәсіпорындардың кемшіліктерін көріп қана қоймай, сонымен қатар сіздерді бірінші кезекте қандай мәселелер мазалайтынына талдау жасай аламыз", - деді Жеңіс Қасымбек.