Осы жылдың тамыз айынан бастап өңірдің аз қамтылған тұрғындары мен көпбалалы отбасыларының үйлеріне 350 улы газ датчигі тегін орнатылды, деп хабарлады әкімнің баспасөз қызметі.
Қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында Теміртау ТЖ басқармасы әкімдікпен бірлесіп, "Улы газдан сақтан!" акциясын өткізуде. Жылыту маусымы басталғаннан бері металлургтер қаласының жеке секторында пешпен жылыту ережелерін сақтамау себебінен алты өрт болған. Жыл басынан бері Теміртау мен Ақтау кентінде улы газбен жеңіл түрде уланудың бір жағдайы тіркелген.
"Бүгінгі күні қалада улы газ датчиктерін орнату бойынша акция жүріп жатыр. Біз оларды көпбалалы отбасылар мен жалғыз басты зейнеткерлерге орнатамыз", – деді Теміртау әкімінің орынбасары Владислав Цай.
Улы газдың түсі, дәмі мен иісі жоқ. Мамандардың айтуынша, оның ағып кетуін тек арнайы сенсордың көмегімен анықтауға болады.
"Улы газ анықталған жағдайда датчик іске қосылады – дыбыстық сигнал шығарады. Статистикаға сәйкес көміртегі тотығымен улану көбінесе түнде, яғни адамдар ұйықтап жатқанда болады. Адам тіпті газдың әсерін түсініп, сезіне алмайды", – дейді Теміртау ТЖБ бастығы Арман Алпысбаев.
ТЖД Қарағанды облысының тұрғындарын өздерін және жақындарын қорғау үшін өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады.
Жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан, өңірде жылыту кезеңінің басынан бастап тұрғын үй секторында 234 өрт болды. Нәтижесінде 12 адам қаза тауып, 10 қарағандылық түрлі дәрежедегі жарақат алды.