Қарағанды қаласында қоғамдық көлік жүргізушілері жетіспейді, деп жазады inbusiness.kz ekaraganda.kz порталына сілтеме жасап.
“Бүгінде 43 қалалық және 8 қала маңындағы бағыт бойынша 380 автобус жүреді. Бұл көрсеткіш автобустардың жоспарлы шығуының 80 пайызын құрайды. Яғни автобустардың санын арттыру үшін 120-ға жуық жүргізуші қажет. Жүргізушілік құрамның жетіспеушілігі 120 адамды құрап отыр. Автобустардың толық шығуын қамтамасыз етіп, кептеліс уақытында жолаушылар ағынын реттеу және қоғамдық көліктің жұмыс уақытын ұзарту үшін жүргізушілер қажет", - деді қалалық коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Темірлан Талдыбаев.
Оның сөзінше, бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Темірлан Талдыбаев кейбір қалалық қоғамдық көліктердің 22.00-ге дейін жүретінін айтып отыр. Оған мысал ретінде 43, 53 және 40-ыншы автобустарды айтуға болады, деді ол.