Қарақалпақстандағы оқиға қаңтар трагедиясына ұқсай ма?

629

Өзбекстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикрам Ниязходжаев Қарақалпақстандағы митингіні сыртқы күштер жоспарлағанын айтады.

Қарақалпақстандағы оқиға қаңтар трагедиясына ұқсай ма?

"Конституциялық реформамен келіспеу дегенді желеу етіп отыр", дейді дипломат.

"Тарихи тұрғыдан Өзбекстан көпұлтты ел және осы жерде тұратын барлық ұлт пен ұлыстың құқық, мәдениет, дәстүр, тілі құрметке ие. 1-2 шілдеде Нүкісте Өзбекстанның конституциялық құрылысын, аумақтық тұтастығы мен бірлігін бұзуға әрекет жасалды. Алдын ала тергеу нәтижелері бойынша 1-2 шілдеде тәртіпсіздіктер сыртқы күштердің көмегімен ұйымдастырылды деп айтуға болады. Оқиғалар кездейсоқ болған жоқ және алдын ала дайындалған (...) қазіргі уақытта ұсталғандардың арасында Өзбекстаннан басқа елдің азаматтары бар", – деді елші. 

Елшілік аталмыш оқиға мен Қазақстандағы қаңтар трагедиясы арасында ұқсастық бар ма деген сұраққа жауап берді.  

"Әлеуметтік желілерде екеуін параллель көрсетіп жатқаны рас. Орталық Азия аймағында өткен басқа да оқиғаларды да көрсетеді. Шынымен де, сыртқы факторлар бар, ешкім біздің аймақтың тұрақты болғанын қаламайды. Біз біртұтас болсақ, біз мықты болсақ, тұрақтылық сақталады. Яғни біз өңірдегі барлық сын-қатерлер мен қауіптерге бірлесіп қарсы тұра аламыз. Біреулер мұны ұнатпайтын тәрізді", – деді елші.

Дипломат сарапшылар мен БАҚ-ты Қарақалпақстанда болған оқиғалар туралы расталған ақпаратты ғана пайдалануға шақырды. 

"Әлеуметтік желілерде біздің елдеріміз арасында сына қағуды қалайтын ақпарат тарады, осыған байланысты мен сіздерді объективті, расталған ақпарат беруге шақырамын", – деп атап өтті ол.  

Еске салайық, Өзбекстанда шілде айының басында тәртіпсіздіктер болып, бейбіт тұрғындар мен құқық қорғау органдары қызметкерлері қаза тапты. Бүгінгі таңда 18 адам қайтыс болды, 200-ден астам адам зардап шекті, олардың 94-і ауруханада жатыр. Өте ауыр жараланғандар бар. 

Митингі референдум болғалы жатқан тұста өтті. Конституцияға енгізіледі деген нормалардың бірі Қарақалпақстанды Өзбекстаннан шығу мүмкіндігінен айыру туралы еді. Кейіннен ол норма алынып тасталды. 3 шілде мен 2 тамыз аралығында Қарақалпақстан автономиялық республикасының аумағында төтенше жағдай режимі орнатылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу