Shell компаниясы Қазақстан Үкіметі мен бірқатар шетелдік мұнай компаниялары арасындағы ауқымды сот процестері аясында республикаға инвестиция салуды тоқтататынын жариялады. Бұл туралы Shell бас директоры Ваэль Саван мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz cайты Bloomberg-ке сілтеме жасап.
Қазақстан тарапынан қойылған миллиард долларлық талап арыздар инвестициялық климатқа және компанияның елдегі қызметін жалғастыру туралы шешімдеріне тікелей әсер етеді.
"Бұл біздің Қазақстанға әрі қарай инвестиция құюға деген ниетімізге сөзсіз әсер етеді", – деп атап өтті Саван есепті кезең қорытындысы бойынша сарапшылармен өткен телефон конференциясында.
Бұл ретте Shell басшысы сөздің тек жаңа жобаларды тоқтату туралы немесе қазіргі инвестициялық бағдарламалардың да шектелуі туралы болып отырғанын нақтыламады.
Соңғы жылдары Қазақстан халықаралық мұнай компанияларына қарсы ұлттық соттар мен халықаралық арбитражда бірқатар сот істерін қозғады.
Қаңтар айында Shell және оның серіктестері даулардың бірінде жеңіліп, нәтижесінде консорциум 4 миллиард долларға дейін өтемақы төлеуге міндеттелуі мүмкін екені белгілі болды. Дегенмен, бұл шешімге әлі де шағым түсіруге болады.
Бұдан бөлек, күкіртті кәдеге жарату кезіндегі ықтимал бұзушылықтарға, сондай-ақ жобаны іске асыру құнына қатысты сот талқылаулары жалғасып жатыр.