Кәріз суын таситын жүргізушілер неге наразы?

750

Бұған дейін бір вакуум суға 8-9 мың теңге болса, қазір көрсететін қызмет құнын 15 мың.

Кәріз суын таситын жүргізушілер неге наразы? Фото: baq.kz

Қала аумағында кәріз суын төгетін жер жоқ. Сұйық отын қымбаттағанда лас суды шаhар сыртына тасу тиімсіз. Осылай деген Атырау қаласындағы 50-ге жуық ассенизатор жүргізушісі бүгін наразылық білдірді. Жауаптылар жағдай жасап, проблеманы шешпесе, қаланы жауын суы басқанда біз де қолұшын созудан бас тартамыз деп отыр. Ал биліктегілер не дейді? 

Жиылғандардың дені үшін кәріз суын тасу негізгі жұмыс. Олар бұған дейін бір вакуум суға 8-9 мың теңге ақша алса, қазір көрсететін қызмет құнын 15 мыңға дейін шарықтатқан. Себебі қалдықтың бәрін қаладан 10 шақырым жерге тасиды. Сұйық отын қымбаттағанда, алысқа сабылу тиімсіз деп отыр. 

“Біз де отбасын асырап отырмыз. Осы кәсіптен басқа бізде кәсіп жоқ. Соған қарап отырмыз бәріміз. Кредит бар бәрінде. Екінші нүкте ашып берсін бізге. Сосын біз де бағамызды түсіреміз. Водоканалға барса бізге қолдарын сілтейді. Проблеманы осылай сіздер арқылы жеткіземіз. Басқа не істейміз?!” , - дейді жүргізуші Рүстем Қуанов.

Тапқан табыстың бәрі жол шығынына кететі деген жүргізушілер қала аумағынан кәріз суын төгетін жер ашу қажет дейді. Олай болмаған жағдайда шаhардың сол жақ бөлігіндегі арнайы қондырғыға құюға рұқсат берсін деген талап қоюда. 

“Өздерінің жоғарыда отырған таныстары, ағайындары, я болмаса тағы бірдеңесінің көліктерін кіргізіп қойған. Олар да кәріз суын әкеліп төгіп жатыр. Біз барсақ ол жерде биобактерия бар, оған сендер май әкеліп төгесіңдер дейді. Химикат төгесіңдер дейді. Жақсы біз оны түсінеміз. Бірақ водоканалда танысы бар адамдардың 20 жақты көлігі кіріп шығып жатыр ғой сол жерге. Олардың суы таза екеніне кім кепіл”, - деп наразылығын білдірді жүргізуші Салауат Көлбаев.

Атырау су арнасының өкілдері базынасын айтып шырылдағандармен кездесті. Билікке ұсыныс бергендерін айтады. Ал әкімдіктегілер болса бұл мәселе жақын арада шешілмейді деп кесіп айтты. Қарастырамыз деген сыңай танытты. 

“Енді оны қазір тиісті мамандармен жиналып, бір шешімге келетін боламыз. Өйткені ол жерде қосымша жоба істеп, қосымша қондырғылар қою керек болады. Тұнба керек, резервтік резервуарлар керек болады. Себебі коммуналдық емес басқа қоспалары бар қалдықтар кетіп қалатын болса, бізде оны басқа жаққа айдап жіберетін камера болу керек”, - деді Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Серікқали Қанапин. 

Жүргізушілерде басқа амал жоқ. Шеніделер бір байламға келгенше жұмысты бұрынғы жүйемен жалғастыруға тура келеді. Бірақ алдағы уақытта ассенозатор көліктерінің көмегі керек болса, жәрдемдесіп қол созуға түбегейлі қарсылық білдіреміз деп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу