Қарулы күштерде құқықбұзушылықтарды тіркеу цифрлық жүйеге көшті

353

Әрбір келіп түскен хабарлама белгіленген тәртіппен қаралып, тиісті шаралар қабылданады.

Қарулы күштерде құқықбұзушылықтарды тіркеу цифрлық жүйеге көшті Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігі Бас әскери прокуратураның үйлестіруімен "Цифрлық профилактика" ведомствоаралық бағдарламасы аясында әскери қызметшілерге арналған өтініштерді қабылдаудың цифрлық жүйесін іске қосты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ведомство мәліметінше, жаңа сервис әскери қызметшілердің құқықтық қорғалу деңгейін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және әскери ұжымдарда "Заң және тәртіп" қағидатын нығайтуға бағытталған.

Цифрлық жүйенің көмегімен әскери қызметшілер күш қолдану, заңсыз ақша жинау, психологиялық қысым көрсету және өзге де құқыққа қайшы әрекеттер туралы жедел түрде хабарлай алады.

Келіп түскен өтініштерге қатысты уақтылы әрекет ету мақсатында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери полициясы бас басқармасында бірыңғай "Жедел желі" Call-орталығы жұмыс істейді.

"Профилактиканың цифрлық құралдарын енгізу әскери тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және әскери қызметті қауіпсіз өткеруге жағдай жасайды", –  деді ҚР ҚК Әскери полициясы бас басқармасының профилактика басқармасының бастығы подполковник Әділхан Қалиев.

Сондай-ақ ол әскери қызметшілер заң бұзушылық фактілеріне бейжай қарамауы және құқыққа қайшы әрекеттер туралы уәкілетті органдарға дер кезінде хабарлауы тиіс екенін атап өтті.

Өтініштерге жедел әрекет ету құқық бұзушылықтардың алдын алуға, олардың бастапқы кезеңде жолын кесуге және әскери ұжымдарда заңдылық пен құқықтық тәртіптің мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өтініштер келесі нөмір бойынша қабылданады: +7 700 081 11 19.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу