Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәслихатында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Ислам діні ешкімге қиындық жүктемейді. Егер адамның жағдайы болмаса, қарызға кіріп, ауызашар ұйымдастыру міндетті емес. Ниет етіп, бір құрма немесе бір жұтым су ұсынудың өзі жеткілікті. Бұл да ауызашар берудің сауабына тең, – деді Бас мүфти.
Ол, сондай-ақ, дастархан жайғанда ысырапқа жол бермеу керектігін еске салды.
– Ысырапшылдық – шариғатта құпталмайтын әрекет. Сондықтан кез келген дастарханды мол етіп жаю міндет емес. Маңыздысы – ықыласпен бөлісу, – деп атап өтті ол.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айына орай бірнеше жобаны іске қосты. Соның бірі – MuftyatBot атты Telegram-бот.
Бұл жоба арқылы азаматтар діни мәселелер бойынша ақпарат алып, кеңес сұрай алады. Сонымен қатар, еліміздегі 6000 елді мекеннің ораза және намаз кестесі muftyat.kz сайтында PDF форматта жарияланды.
Мүфтият жанындағы Діни ақпарат беру орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Кез келген сұрақ бойынша 8 707 233 30 30 нөміріне хабарласуға болады.
Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады. Қадір түні 26-нан 27-наурызға қараған түнге, ал Ораза айт мерекесі 30 наурызға сәйкес келеді. Биылғы пітір садақа мөлшері 655 теңге болып бекітілді.