Қаржылық мониторинг агенттігі үш өңірде су тасқыны бойынша тексеріс бастады

308

Бұл туралы агенттіктің ресми өкілі Әлібек Әбділов мәлім етті.

Қаржылық мониторинг агенттігі үш өңірде су тасқыны бойынша тексеріс бастады Фото: Үкімет

Қаржы мониторингі агенттігі су тасқынына байланысты Қазақстанның үш өңірінде тергеу бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Дәлірек айтсақ, агенттік Ақтөбе облысындағы "Магаджан" бөгетін сенімгерлік басқаруға алған ЖШС басшысына, Ақсай өзеніне бөгет салған ЖШС басшысына және Ұлытау облысындағы су тасқынының алдын алу бойынша орындалмаған жұмыс үшін ақша алған ЖШС басшысына қатысты тергеу бастады.

"ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі ауыр зардаптарға әкеп соққан міндеттерге немқұрайлы қарау фактісі бойынша Ақтөбе облысындағы "Магаджан" бөгетін (су қоймасын) сенімгерлік басқаруға алған ЖШС басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу бастады. Анықталғандай, 2014 жылы бұл бөгет балық шаруашылығын жүргізу мақсатында жеке компанияға сенімгерлік басқаруға берілген. Алайда ЖШС тарапынан, бөгетті күтіп-ұстау және қызмет көрсету бойынша өз міндеттері тиісінше орындалмаған", – деп хабарлады Әбділов.

Сонымен қатар, "Ақсай өзенінің бассейнінде селді ұстайтын бөгет салу" жобасын орындаған ЖШС басшысына қатысты да сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

"ЖШС жауапты тұлғалары алдын ала сөз байласу арқылы, аса ірі көлемде, бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Залал сомасы алдын ала есеп бойынша 775 млн теңгеден асады", – дейді ресми өкіл.

Сонымен қатар, Ұлытау облысында тағы бір компания су тасқынының алдын алу бойынша орындалмаған жұмыстар үшін ақша алған.

"Аталған ЖШС көктемгі су тасқыны кезінде жақын маңдағы аумақтарды шайылып кетуден қорғау үшін ұзындығы 2 км Жезді өзеніне санация жүргізу үшін жалпы сомасы 485,5 млн теңгеге мемлекеттік мекемемен шарт жасасқан. Алайда, жобаны іске асырудың бақылау өлшемімен мердігер жалпы сомасы 282,5 млн теңгеге жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын нақты орындамағаны анықталды. Аталған әрекеттердің салдарынан 26 үй су астында қалып, 174 адам эвакуацияланды", – деп хабарлап отыр ҚМА ресми өкілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу