Кәсіпкер моноқалада мұз айдынын салды

1855

Жобаны жүзеге асыруға 40 миллион теңге жұмсаған.

Кәсіпкер моноқалада мұз айдынын салды Фото: Yoursite.ru

Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласынан 105 шақырым қашықтықта орналасқан Талас ауданының жыл санап тынысы кеңейіп келеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында шағын қаланың шырайы кіріп, тотыдай таранып, сұңқардай сыланып, ажарлана түсуде. Кеңес үкіметінің кезінде даңқы төске өрлеген аудан орталығы Қаратау қаласының қайтадан құлпырып, тамырына қан жүгіріп, дамып, өсіп-өркендеуіне жергілікті кәсіпкерлер де үлкен үлес қосып жатыр.

Мәселен жуырда Талас ауданына белгілі кәсіпкер, игі істердің басы-қасында жүретін атымтай жомарт азамат Марат Еркіналиев қаратаулықтарға жаңа мұз айдынын тарту етті. Жастар бос уақытын тиімді пайдаланып, бір мезгіл таза ауада бұқаралық спортпен айналысып өссе деген ниетте ерекше жобаны қолға алған кәсіпкер мұз айдынын салуға 40 миллион теңге жұмсағанын айтады. Бір айта кетерлігі, мұз айдынын жылдың басқа мезгілдерінде де тиімді пайдалану ойластырылған. Яғни күн жылынған кезде мұз айдыны жастардың ролик тебетін орнына айналады.

"Мұз айдынын ашуға күздің соңы мен қыстың басында қамданған абзал. Әйтсе де, "Ештен кеш жақсы" жақсы деген, жоспарлы жобамыз қаңтардың қақ ортасында жүзеге асты. Алдағы уақытта демалыс орнын заманауи тұрғыда жетілдіре түсіп, дәмхана, жылынатын орын, аяқкиім ауыстыратын орындар салуды жоспарлап отырмыз. Бұл алаңның келешекте қала тұрғындары мен қонақтарының уақыттарын пайдалы өткізетін демалыс орнына айналатынына сенімдімін", дейді Марат Сейілбекұлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу